Науқастың қазіргі жағдайы қалыпты. Шымкенттік дәрігерлер тоқтап қалған жүректі қайта тірілтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Шымкент қалалық №2 ауруханасына 22-сәуір күні түнгі сағат 00:10 шамасында жедел-жәрдеммен елу екі жастағы қала тұрғыны аса ауыр жағдайда жеткізілді. Дәрігерлер науқасты бірден жансақтау бөліміне жатқызып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Ауруханаға жетер жолда клиникалық өлімді бастап кешкен азаматша бұған дейін яғни 2016 жылы инсульт алғаны анықталды. Қиындықтарға қарамастан дәрігерлер науқасқа дер кезінде көмекке келді.
Дәрігерлердің ептілігі, әрі біліктілігінің арқасында ауыр халдегі жүрегі тоқтап қалған науқастың күретамыр тынысы кенет қайта соқты. Өмірге қайта келгендей әсерде болған шымкенттік жерлесіміз екі күн бойы өмір мен өлім арасында арпалысқан ақ халатты абзал жандарға алғысын жаудырды. Пациент үшінші күні жансақтау бөлімінен кардиология бөлімшесіне ауыстырылды. «Науқастың түскен кездегі жағдайы өте ауыр болды. Клиникалық өліммен жеткізілді. Түскен кезде алғашқы көмек көрсетіп, ИВЛ аппаратына қостық. Қазіргі жағдайы тұрақты, науқас кислородсыз өздігімен демалуда», –дейді реанимация бөлімінің меңгерушісі Ержан Шераліұлы.
Дәрігерлердің сөзінше, науқастың қазіргі жағдайы қалыпты. Толық емін алып болған соң отбасына оралатын болады. Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал, жалпы төсек-орын саны 3407 құрайды. Сонымен қатар, қалада көп бейінді 4 стационар бар. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар. Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да жұмыс істейді. Шымкент жүрек орталығында 134 төсек орын, қалалық онкологиялық орталықта 231 төсек орын, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында 125 төсек орын, психикалық денсаулық орталығында 435 төсек орын, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.