Баршаға белгілі, дәстүр бойынша 26 сәуір мен 11 мамыр аралығында еліміз бойынша білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг өткізіледі.
Осыған байланысты Түркістан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің мамандары, Арыс, Жетісай, аудандарында орналасқан 9 білім беру ұйымдарына мониторингке қатысып жатыр. МОДО дәстүрлі түрде 4 және 9 сынып оқушылары үшін оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы бағыттары бойынша өтеді.
Қосымша айта кететін болсақ, МОДО-ны өткізу үшін «бір аудитория — бір тәуелсіз сарапшы» принципіне сәйкес эксперттермен келісім-шарт жасалды. Сонымен қатар, министрліктің, сапаны қамтамасыз ету комитетінің және аумақтық департаменттердің, «Өрлеу» орталығының филиалдары, ЖОО, республикалық ұйымдардың өкілдері байқаушы ретінде қатысады. Оқушылардың білімін сырттай бағалауда академиялық адалдықты қамтамасыз ету- оқушының нақты білімін бағалауға мүмкіндік береді. Мұғалімнің қойған бағасы сырттай бағалаудағы бағамен неғұрлым сәйкес болса, берілетін білімнің шынайылығы анықталады.
Мониторинг барысында білім алушылардың білім сапасына әсер ететін факторларды анықтау үшін тест тапсырушылар, педагогтер және білім беру ұйымдарының әкімшіліктері арасында сауалнама жүргізіледі.
“Қазіргі заманда дамудың басты кілті- білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ. Демек, жағдайымыз мәз емес. Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың бірыңғай ұлттық тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін. Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады. Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады.”- деп атап көрсетті Ел Президенті Қ. К. Тоқаев.