Төлеби ауданына қарасты Бірінші Мамыр ауылындағы Д.Қонаев көшесінің бойында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың бюсті орнатылған. Осы бюстті Д.Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай аталмыш ауылда орналасқан аудандық балалар көркемсурет мектебінің білікті ұстаздары Мекенбай Исақов, Дәурен Кесікбаев, Зафар Хидиров және Мақсат Паңбаев жасаған.
Айта кетсек, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.
Биіктігі 1 метр, 20 сантиметрді құрайтын бюстті көргендер осы өнер туындысы туралы жағымды пікір білдіруде. Бұл бюстті жасауға мүсінші ұстаздар 3 ай уақытын жұмсаған.
Бюст авторларының төртеуі де аудандық балалар көркемсурет мектебінің оқушыларын мүсіндеу өнеріне баулу ісіне көп үлес қосып келеді. Мекенбай Паңбайұлы сабақ берумен қатар, көркемсурет мектебіне басшылық та жасайды. Оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Дәурен Айжұманұлы да, қосымша білім беру педагогтары Зафар Мамадәліұлы мен Мақсат Мекенбайұлы да әріптестерін, оқушыларын шеберлігімен таңқалдырып отырады.
Бір айта кетерлігі, әкелі-балалы Мекенбай Исақов пен Мақсат Паңбаев Төлеби ауданындағы орталық көшелердің бойында орнатылған 50-ден астам аң-құстар мүсіндерінің авторлары болып табылады.
Еске салсақ, былтыр Төлеби ауданындағы Жоғарғы Ақсу ауылдық округіне қарасты Сарқырама елді мекенінде Социалистік Еңбек Ері, ғұлама ғалым, академик – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай ескерткіш орнатылған болатын.Сондай-ақ, мүсін орнатылған көшеге заңғар тұлғаның есімі берілген еді. Айта кетсек, ауданда бой көтерген қоладан жасалған ескерткіштің жалпы биіктігі 5 метрді құрайды.