Кентау қаласында «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өткізілді. Олимпиадаға қазақ және орыс тілдерінде оқытатын жалпы білім беретін мектептердің 7-11 сынып оқушылары қатысты. Байқаудың мақсаты — мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту; қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттау; оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамыту. Қазақ тілінде ән айту, мәнерлеп оқу, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жақсы меңгеру арқылы Қазақстанның болашағы үшін аянбай қызмет ететінін көрсеткен нағыз «Сегіз қырлы, бір сырлы» жастарға ерекше қолдау көрсету болып табылады.Сонымен қатар, қазақ әдебиетіндегі шығармаларды (ертегі, батырлар жырын) жаңа форматта жандандыру, жасөспірімдерді отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, жазуға талапты балалардың қабiлет-қарымын ұштау, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, шығармашылық ізденіске жұмылдыру, оқушылар арасында қазақ тілі мен әдебиетіндегі мақал-мәтелдерді, жұмбақ, жаңылтпаш, ертегі жанрларын жандандыра отырып насихаттау және қазақ тілі жанашырларын, жас буын өкілдерінің арасынан тілді терең меңгергендігін анықтау, оларды таныту.
Олимпиада жалпы білім беретін оқу орындары арасында ұйымдастырылды.
Аталмыш байқау 5 бағыт бойынша өткізілді:
— «Бейнелеушілер» ертегілер мен батырлар жыры бойынша суреттер салды,
— «Жас қаламгерлер» белгілі әңгімелерді өз ойымен жалғастырып жазды, суреттерге қарап, әңгіме құрады,
— «Білгірлер» мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш айтып жарысты,
— «Сөз шеберлері» әдеби тақырып бойынша өз ойларын айтты,
— «Әнші бұлбұлдар» қазақ әндерін нақышына келтіре шырқады.
Олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан жас суретші N22 З.Рүстемов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Нұрғалиұлы Абдрахман 1-орынды жеңіп алды. Енді ол республикалық кезеңде облыс намысын қорғамақ.