Кез келген оқу орнының ғылым саласындағы қол жеткізген жетістіктері – сол университеттің шынайы әлеуетін көрсететін бірегей сала. Өңірде ғылыми орда Қожа Ахмет Ясауи университетінің өте маңызды әрі үлкен жауапкершілікті талап ететін ғылыми бағытта атқарған жұмыстары аз емес.
Университетте ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз ету негізінен мына мәселелерді қамтиды: іргелі, қолданбалы, іздестіру (бастамашыл) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, инновациялық жұмыстар, тапсырыс, бөгде ұйымдармен шарт бойынша ғылыми зерттеулер; оқытудың инновациялық технологияларын және ғылыми зерттеулер нәтижелерін оқу процесі мен өндіріске әзірлеу және енгізу; зерттеу қызметінің инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыру, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетігін құру және енгізу; зерттеушілер мен әзірлеушілердің зияткерлік меншігі мен авторлық құқығын қорғау. Университет ғалымдары түркология, археология, дінтану, тарих, экономика, математика, физика, ақпараттық технологиялар, экология, электр энергетикасы, биотехнология, медицина және т.б. салаларда зерттеулер жүргізеді.
Университет ғалымдарының еңбектерін жариялауға қолдау көрсету мақсатында «Тұран» баспаханасының жұмысын жандандыру бойынша бірқатар жұмыстар жүйеге келтірілді. Атап айтар болсақ, қабылданған шешімге сәйкес, университетіміздің ғалымдары дайындаған оқу құралы, оқулық, монография тағы басқа еңбек-терін университетіміздің есебінен басып шығаруға қолдау көрсетіледі. Мысал ретінде тарих кафедрасының профессор м.а. М.Жолсейтованың «Қазақстанда халық-ағарту ісінің қалыптасуы мен даму тарихы» атты монографиясы «Тұран» баспаханасынан университет есебінен 100 дана шығару үшін шешім қабылданды. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеулердің сапасын арттыру және докторанттардың дер кезінде диссертацияларын қорғау үшін университеттің бұрын жұмыс істеп келген бірнеше ережелеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Атап айтар болсақ, «Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша МҒЗЖ, ДҒЗЖ жүргізу туралы» Ережесі жаңартылды. Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба тақырыбы және ғылыми жетекшісі туралы Ережесі дайындалып, Сенатпен бекітілді. Диссертациялық кеңес туралы Ережесі талаптарға сәйкестендірілді. Жоғары білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша диссертация/жоба дайындау туралы Ережесі бекітілді.
2022 жылғы ақпанда «Тұрақты даму» ғылыми-зерттеу орталығының регламенті дайындалып, Өкілетті Кеңеспен бекітілді. Сәуірде БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдіктерінің басшылары және Германия, Солтүстік Македония секілді елдердің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшілерінің қатысуымен аталған орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. БҰҰ тарапынан 2015 жылы жарияланған Тұрақты даму мақсаттары бойынша университетте атқарылып жатқан үлкен жұмыстар бар, енді ол жұмыстар осы орталық аясында жалғасатын болады.
Университетте бірнеше жылдан бері коммерцияландыру офисі жұмыс істейді. Бұл бағытта біршама оң тәжірибелер жалғасын тауып келеді. Осы коммерцияландыру гранты негізінде Экология ҒЗИ қызметкері, техн.ғ.д., профессор Г.Саинова «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендірілген биомасса және гранула түріндегі ақуызды азықтық вермиқоспаларын өндіру», Жаратылыстану факультеті биология кафедрасының доцент м.а., PhD Н.Салыбекова «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ботаникалық бағының базасында Оңтүстік Қазақстанның қуаңшылық жағдайында отырғызуға арналған сәндік дақылдардың бейімделгіш және стреске төзімді көгалдандыру материалдарын жеделдете өсіру» тақырыбындағы ғылыми жобаларын ойдағыдай сәтті аяқтады.
Осы офистің шеңберінде ғалымдар әрекет етуші интеллектуальдық меншік бойынша 29 республикалық патент, 121 авторлық құқық берілді.
Ерекше атап өтер жәйт, әлемдік жоғары оқу орындарының жыл сайын шығып отыратын рейтингтерінде алға жылжып, бұрын-соңды болмаған нәтижелерге қол жеткізген.