«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек». Бұл Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында берген тапсырма болатын.
Осы мақсатта, Шымкент қаласында өткен жылы 2413 жас жұмыспен қамтылған.
Оның ішінде өз мамандығы бойынша «Жастар практикасы» жобасы аясында жұмыс орындарына 2125 жасқа жолдама берілген. NEET санатындағы 288 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмыспен қамтылған. Биыл мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаһарда 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, оның 16 425-і жас буын. Атап айтқанда, 4 167 субсидияланатын жұмыс орындарына жолданады. Оның ішінде, 35-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1956-і «Жастар практикасымен», 1100-іне қоғамдық жұмысқа жолдама беріледі. 1052 бітіруші түлек «Алғашқы жұмыс орындары жобасымен» жаңа жұмыс тапса, 24 жас «Ұрпақтар келісім шарты жобасына» қатысып, жұмыспен қамтылады.
Ал, бос жұмыс орындарына 4393 адамды орналастыру жоспарланса, 6656 жасқа кәсіпкерлікті дамыту бойынша кәсіпкерлік қолдау шаралары, 1209 адамға кәсіби білім беру жоспарланған.
Айта өтсек, Миллионды қала тұрғындарының 23 пайызын жастар құрайды. Осы орайда, мемлекет тарапынан қарастырылған мұндай жеңілдіктер жастардың кәсіпкерлігін дамытуға зор ықпал болғалы тұр. Биыл Шымкент қаласы бойынша 261 жасқа микрокредит беру жоспарланып, бұл бағытқа 1,3 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады. Микрокредит «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Жастардың кәсібін қолдау бағытында жеңілдікпен қалада 2024 жылы 273 адам жас қамтылып, оған 1 млрд 365 млн. теңге, 2025 жылы 282 жас қамтылып, 1 млрд. 410 млн.теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.