Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет» деп тапсырған болатын.«Жыл соңына дейін 13 орталық ашылады»
«Елімізде 49 оңалту орталығы ерекше балалардың емінде маңызды рөл атқарып келеді. Оның ішінде мемлекеттік оңалту орталықтарынан бөлек, «Қамқорлық» бастамасының аясында ашылған 22 оңалту және ерте араласу орталықтары бар». Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова Шымкент қалалық №2 оңалту орталығы базасында ашылған «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің салтанатты жиынында мәлімдеді.
Шымкентте 2 сәуір — халықаралық аутизм күні қарсаңында екі бірдей оңалту орталығы ашылды. Оның бірі — Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №2 оңалту орталығының базасында ашылған «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі. Салтанатты жиынға Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры М.Ембергенова, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішев, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғ.Ауғанов, «Қамқорлық қоры» КҚ директоры А.Еркінова қатысты.
— №2 оңалту орталығы ұзақ жылдардан бері балалардың денсаулығын жақсартуға атсалысып, оңалту ісімен айналысып келе жатқан ұйым. Ғимарат өткен жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шымкентте ерте араласу бөлімшесі алғаш рет ашылып отыр. Оған «Samruk-Kazyna Trust» қоры да атсалысты. Осы оңалту орталығында кешенді ем алуға жағдай жасап отырған демеушілерге алғыс білдіреміз, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Игі іс «Қамқорлық қоры» корпоративтік қорының «Қамқорлық» бастамасы аясында жүзеге асып отыр. Оған «Қазақстан халқына» қоры, Нұрсұлтан Назарбаев қоры және «Samruk-Kazyna Trust» қоры атсалысып, қаржылық және құжаттық бағытта қолдау білдірген.
— Шымкенттегі «Қамқорлық» ерте араласу орталығы елімізде биыл ашылатын 13 орталықтың алғашқысы болып отыр. Жыл соңына дейін Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында ашылады. «Қазақстан халқына» қоры өз алдына мұндай орталықты аша алмас еді. Себебі, мұндай оңалту орталықты құру шаралары өте ауқымды. Бұл тұста орталықты ашуға мүмкіндік беріп, ғимарат ұсынып, құжаттық жағынан атсалысқан Шымкент қаласы әкімдігіне алғыс білдіреміз. Өзге өңірлердегі орталықтардың ашылуы ғимараттың дайын болмауына байланысты кейінге шегеріліп отыр. Сондай-ақ, осындай игі істің басы қасында жүріп, үйлестіріп, жұмыстың басым бөлігін өз жауапкершілігіне алған серіктесіміз «Қамқорлық қоры» жұмысының маңыздылығын атап өткен жөн. Еліміздің Үкіметі, Денсаулық сақтау министрлігі, барлығы дерлік атсалысып отыр. Бұл игі іс еліміздегі ерекше балалардың денсаулығын жақсартуды көздейді, — деді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев.
Болат Жәмішевтің айтуынша, биыл ашылатын 13 орталыққа келер жылы тағы 6 орталық қосылмақ. Бүгінде «Қамқорлық қорымен» бірлесіп, келер жылы ашылатын орталықтардың құжаты реттелуде.
«Ерте қаралғанның емі шипалы» демекші, мамандар оңалту емі ерте кезеңнен қолға алынса, шипасы да соғұрлым нәтижелі болатынын алға тартып отыр.
— Елімізде жүз мыңнан астам оңалтуға мұқтаж бала бар. Олардың әрқайсысы үшін оңалту емінің маңызы зор. Халықаралық сарапшылар балалар оңалту емін ерте кезеңнен бастаса, олардың денсаулығы 60-80 пайызға жақсара түсетінін айтып жүр. Сондықтан осындай оңалту емінде ерте араласу орталықтарының жұмысын үйлестіру — елімізде ерекше басымдыққа ие, басты назардағы іс. «Қамқорлық қорының» корпоративтік қорының «Қамқорлық» бастамасының аясында «Қазақстан халқына» қоры мен «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен екі жыл ішінде 15 оңалту орталығы мен 7 ерте араласу орталығы ашылды. Биыл 10 мыңнан астам баланы ерте жастан оңалтуға бағытталған тағы 13 орталық ашу жоспарланған, — деді Мағрипа Хамитқызы.
Шымкент қалалық №2 оңалту орталығының бас дәрігері Айгүл Сапарғалиеваның айтуынша, орталық бүгінге дейін неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары бар 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту емін жүргізіп келген. 2012 жылдан бастап оңалту емін жүргізіп отырған орталыққа өткен жылы жергілікті бюджеттен қаралған 607 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, желтоқсан айында пайдалануға берілген. Мұнда жыл сайын 1500 бала 100 төсек орынды орталықта стационарлық үлгіде емделген. Енді оған қосымша «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінің көмегімен 3 айлық сәбиден 3 жасқа дейінгі бөбектер ем ала алады. Неврологиялық диагноздармен, церебральды сал ауруы, Даун синдромы және мидың басқа зақымданулары бар балаларды амбулаторлық үлгіде қабылдау жоспарланған. Яғни, бөлімше бір мезетте 50 балаға дейін қызмет көрсете алады. Бұл бір жылда 600 балаға оңалту курсынан өтуге мүмкіндік бермек. Бір курс 21 күнтізбелік күнді құрайды.
Айта кетейік, «Қамқорлық» бастамасының алғашқы екі кезеңі аясында ілкімді істер жүзеге асты. Еліміздің өңірлерінде бүгінге дейін 15 оңалту орталығы, 16 инклюзияны қолдау кабинеті және 7 ерте араласу орталығы ашылып үлгерген. Ал, биыл жыл соңына дейін 13 ерте араласу орталығы мен аутизмі және ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған 8 орталық ашу жоспарланған.