Отбасылық балалар кітапхансының ұйымдастыруымен 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Кітап – ғажайып әлем» атты кеш өтті. Мерекелік кешке Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, балалар ақыны Дәркен Танабаев пен фантаст-жазушы Сарманбай Исақ және А. Байтұрсынов атындағы №50 көпсалалы мектеп-гимназиясы, Титов атындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты.
Кеш қонақтары жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндірді.
— «Кітап – ғажайып әлем» іс-шарасы өскелең ұрпаққа өте қажет. Өйткені, жастарды кітап оқуға кішкентай күнінен баулыған абзал. Қазіргі заманда ғылыми техниканың ерекше дамыған заманы болып тұрғандықтан көбіне жасөспірімдер кітапқа емес, ғаламтор желісіндегі ақпараттарды оқуға қызығады. Жастарды кітап оқуға баулысақ, адамгершілігі, ой-өрісі, сана-сезімі өте жоғары деңгейде дамитыны сөзсіз. Еліміздің келешекте дами түсуіне оқыған, түйгені көп жастар ауадай қажет,- дейді жазушы Сарманбай Ережепұлы.
Мерекелік кеште мектеп оқушылары Дәркен Танабаевтың өлеңдерін нақышына келтіре оқып, ән мен күйден шашу шашты.
— Ата-аналар тарапынан балаларға кітап оқытудың маңызы зор екенін насихаттап отырмыз. Біздің кітапхана қорында 70 мыңға жуық кітап бар. Балалар әдебиетіне, танымдық кітаптарды іздеп келетін жас оқырмандарымыз да жетерлік. Технология дамыған дәуірде кітапқұмар өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады, — дейді Отбасылық балалар кітапхансының кітапханашысы Гүлдәурен Асқарбекқызы.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жиыннан жас оқырмандар мол мағлұмат жинап, рухани азық алып тарқасты.
Айта өтсек, халықаралық балаларға арналған кітап күні 1956 жылдан бастап Халықаралық кеңестің шешімімен жыл сайын дат жазушысы Ганс Христиан Андерсеннің туылған күніне орай атап өтіледі. Көптеген елдерде балалар мен жасөспірімдер кітабы апталығы аясында әлемнің үздік кітаптарына арналған байқаулар, көрмелер, конференциялар мен фестивальдар өткізіледі.
Халықаралық күн саналатын атаулы мереке аясында түрлі балалар кітаптары жарнамаланады. Оларға бұрыннан таныс болмай келген кітаптар жайында айтылып, кішкентайлардың санасын ояту мақсатында түрлі дәрістер де оқылады. Әлемнің ұрпақтары білімді де, саналы болып өсу үшін қай мемлекет болса да, жай қарап жатпасы анық.