Өңіраралық инвестициялық форумды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын боламыз. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов «SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумында мәлімдеді.«SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумының негізгі бөлігі Rixos Khadisha Shymkent қонақ үйінде жалғасты.
— Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Оңтүстік өңірдегі әріптестеріміздің басын қосып, ауқымды іс бастап отырмыз. Өңіраралық инвестициялық форум Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының экономикалық тұрғыда дамып, өзара ынтымақтастықта ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Форум аясында күні кеше өңірлердегі өндіруші кәсіпорындар арасында көрме-жәрмеңке өтті. Онда біз шекаралас өңірлердің мүмкіндіктерімен таныстық. Сонымен қатар, форумға шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер де қатысып отыр. Кездесулер барысында кәсіпкерлеріміз тәжірибе алмасып, жаңа жобаларды жүзеге асырудың оңтайлы әдіс-тәсілдерін қарастырады деп сенеміз. Шымкентте бүгінде 5 индустриалды аймақ 867 гектар аумақты алып жатыр. Онда 350-ге жуық жоба жүзеге асырылып, бүгінде индустриалды аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Сондықтан жалпы ауданы 860 гектарды құрайтын тағы 5 индустриалды аймақ салынып жатыр, — деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Оңтүстік өңірлердің басын қосқан алқалы жиынға ҚР Сыртқы істер вице-министрі А.Айдаров, Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Б.Атамқұлов, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Р.Жошыбаев және шетелдік әлеуетті инвесторлар, отандық бизнес-қауымдастық өкілдері, орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, қаржы институттары қатысып отыр. Ал, форумның арнайы қонағы ретінде халықаралық «Fitch Ratings» сарапшылық компаниясының өкілі шақырылған.