Шымкент — тоғыз жолдың торабындағы қала. Темір жол тасымалына да, Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізі арқылы тасымалға да қолайлы ортада. Береке Дүйсебековтің айтуынша, осы ерекшеліктерді ескере отырып, Шымкенттегі логистикалық аймақтың аумағын 136 гектарға кеңейтіліп жатыр.Шымкенттің экономикалық дамуына үлес қосып отырған өзбекстандық инвестор Саркор Исонбаев атқарылып жатқан жұмыс барысына тоқталды.
— Біз Шымкентте фармацевтика саласын дамыту мақсатында қаржы салып отырмыз. Бұл қадам екі ел арасындағы экономикалық қатынасты ғана емес, ынтымақтастықты да нығайта түседі деген сенімдеміз. Шамамен 3-4 жыл бұрын «Тассай» индустриалды аймағында жақпа мазь, суппозитор дәрмектер өндірісінің құрылысын бастаған болатынбыз. Оған 3,5 миллион доллар қаржы жұмсалып, өндіріс жұмысын бастап отыр. Бұл — алғашқы кезең. Ал, биыл 9,7 миллион долларға инфузиялық ерітінді өндірісінің құрылысын бастамақпыз, — дейді «Dentafill-Қазақстан» фармацевтикалық компаниясының бас директоры С.Исонбаев.
Айта кетейік, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала атанған тұста 194 млрд. теңге инвестиция тартылса, былтыр инвестиция көлемі 560 млрд. теңгені құраған. Мамандар жыл соңына дейін 750 млрд теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «SHYMKENT INVESTMENT — 2023» өңіраралық инвестициялық форумының қонақтары түрлі тақырыптық бағыт бойынша кездесулерге қатысты. Әуелі, форумға қатысып отырған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары өңірлердің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Ал, ұлттық компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері мемлекеттің бизнесті қолдаудағы негізгі бағыттарын түсіндірді. Сондай-ақ, өңірлердің табысты инвест-кейстері таныстырылып, «Shymkent city» — қаланың жаңа даму алаңы» тақырыбы аясында қаланың жаңа келбеті мен ондағы атқарылып жатқан жұмыс барысы баяндалды.
— Бұл форумның басты ерекшелігі — оңтүстік өңірдегі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының бірлесіп, алғаш рет өңіраралық инвестициялық форум ұйымдастыруында. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осы 4 өңірдің кәсіпкерлерінің басын қосып, атқарушы орган өкілдерін шақырып, ауқымды инвестициялық жобаларды талқылап отырмыз. Яғни, Шымкент қаласының ғана емес, Оңтүстік өңірдің мүмкіндіктерін шетелдік, отандық инвесторларға кеңінен таныстыру көзделген. Мемлекет және жергілікті әкімдіктер тарапынан көрсетілетін қолдаулар да осы форум аясында айтылды. Форумға Үндістан, Қытай, Түркия, Ресей елінен инвесторлар қатысып, қызығушылығын білдіріп отыр. Форумда жалпы құны 364 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Оның ішіндегі ең ірі жобалар ретінде үндістандық «Medanta» компаниясының қаржыландыруымен салынатын 300 төсек орындық клиника мен «Shymkent city» аумағында бой көтеретін Hilton қонақ үйін айта аламыз. Одан өзге бірнеше өндірістік жобалар да бар, — дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков.