Бүгінде Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарға жетіп, халық саны 228 830-ды құрады. Ауданда 18 тұрғын алап және 11 шағынаудан бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілген. Аудан аумағындағы 29 елді мекеннің халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз су – 94,5 пайыз, электр жарығы – 98,3 пайыз, табиғи газ – 90,7 пайыз, кәріз жүйесімен қамту жағдайы 41 пайызға жеткен.
2023 жылы аудан аумағындағы 6 елді мекенің жаңақұрылыстарын және Қаратау ауданынан қосылған Исфиджап тұрғын алабын ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізуде. Ал Исфиджаб тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары атқарылып жатыр. 2023 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар тіршілік нәрімен қамтылады. Ал жаңақұрылыс аумақтары 2024-2025 жылдары 100 пайыз ауыз суға қол жеткізеді.
–Аудандағы шағынаудан мен тұрғын алаптардың электр жүйесімен қамту көрсеткіші 98,3 пайызды құрап отыр. Соңғы деректермен айтсам, елді мекендердің жекеменшік жүйемен қамтылғаны 1,2 пайыз, ал, қамтылмағаны 0,5 пайызды (жаңақұрылыс аумақтары) құрады. Өткен жылы 9 елді мекенде жалпы 2013 абонентке сапалы электр желісі тартылды. Олар – Абдулабад (484 абонент), Тұрдыабад (411 абонент), Бадам-1 (153 абонент), Қаратөбе (124 абонент), Тоғыс (11 абонент), Маятас (93 абонент), Айнатас (17 абонент) және Бадам (340 абонент) елді мекендері. 2023 жылы Исфиджабты (1356 абонент) қамту үшін «DIAS Проект» ЖШС мердігер мекемесі анықталды, – деп атап өтті аудан әкімі Д.Есілбек.
Жаңа шекараға сәйкес, табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 87,2 % пайыз, оның ішінде, сапалы жүйеде 78,3 пайыз (36560 абонент) қамтылған, ал жекеменшіктен 8,9 пайызы (4135 абонент) алады. Қалған аумақтарды (5992 абонент) сапалы табиғи газбен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілді.
Еңбекші ауданында жол инфрақұрылымын жақсартуға жылдан жылға жеткілікті көңіл бөлініп келеді. Ауданда ұзындығы 723,35 шақырым 721 көше мен өткел бар. Жолдардың 535,62 шақырымы (74 %) – асфальт, 145,5 шақырымы (20,2 %) – тасжол, 42,23 шақырымы (5,8%) – топырақ жолдар. 2021 жылы 4 магистралдық және 53 қалаішілік көше асфальтталып, жөнделген (57,7 шақырым). 2022 жылы жалпы 86,4 шақырым 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Одан бөлек, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен, демеуші есебінен Базарқақпа тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір қайта құрылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Ал 2023 жылы І кезеңмен ұзындығы 36,8 шақырым 53 көшені жөндеу жоспарлануда.
Аудан аумағындағы негізгі және әлеуметтік нысандар орналасқан 121 көше жарықтандырылған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 2022 жылы 22 көше, ал биыл 28 көшені жарықтандыру жоспарда бар.