Еңбекші ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жол, инфрақұрылым, абаттандыру жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Өткен жылы бесінші ауданның құрылуына байланысты Еңбекші ауданында біршама өзгерістер орын алды. Мәселен, Еңбекшіге Қаратау ауданынан Исфиджап, Орманшы, Достық тұрғын алаптары мен Азат шағынауданы қосылды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 283 көпқабатты үй 132 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылуда. Бұл орайда тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына да өз үлестерін қосып жатыр.
–2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулаларды абаттандыру 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артты. 2022 жылы 75 көпқабатты үйдің ауласы абаттанып, жеке секторда 11 кешенді балалар ойын алаңшалары халық игілігіне берілді. Биыл 26 көп қабатты үй ауласын және жеке секторда 1 кешенді балалар ойын алаңшасын құруға қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 7 спорт алаңшасын орнатуға қаржы қарастырылды, – деді аудан әкімі Досбол Есілбек.
Досбол Күздікбайұлының айтуынша, «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша жоспарды кеңейту мақсатында, қосымша балалар алаңшасын құру, аяқжол, тұрғындарға қажетті жағдайлар жасау бағытында конкурс өткізілуде. Тұрғындар 1 наурызға дейін көпқабатты тұрғын үй, жеке секторды абаттандыру бойынша өз ұсыныстарын жібере алады. Яғни, тұрғындар аудан әкімдігінің сайтына, әлеуметтік желілерге өтініштер қалдыруына болады.
Аудан аумағында күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының жиналуын болдырмау, алдын алу мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 52 мекенжай анықталған. 2022 жылы су алу қауіпі жоғары 21 мекенжайға ұзындығы 7,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылды.
Бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табады. 2023 жылы су жиналатын 10 мекенжайға, 3,5 шақырым аумаққа ирригациялық жүйелер орнатуға қаржы қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік-сатып алу конкурсы басталды. Қала бюджетін 2023 жылға нақтылау сессиясында бұл мақсатта І-кезеңге 143,8 млн теңге қаржы бағытталған.
Кезекті қала бюджетін нақтылау сессиясында қосымша 26 көшеге ирригациялық арық орнатуға бюджеттік өтінім беріледі.
Бүгінде Еңбекші ауданының аумағы 22 800 гектарға жетіп, халық саны 228 830-ды құрады. Ауданда 18 тұрғын алап және 11 шағынаудан бар. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілген. Аудан аумағындағы 29 елді мекеннің халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтсақ, ауыз су – 94,5 пайыз, электр жарығы – 98,3 пайыз, табиғи газ – 90,7 пайыз, кәріз жүйесімен қамту жағдайы 41 пайызға жеткен.