2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласына сыртқы және ішкі туризм бойынша келушілердің саны жыл санап көбейіп келеді. Туристер санының артқанын ескере отырып, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы қаламыздың гид-экскурсоводтары мен қонақ үй қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды назардан қалдырған емес. Осы мақсатта гид-экскурсоводтар мен қонақ үй қызметкерлері арасында жыл сайын семинар ұйымдастырылады. Осымен үшінші жыл қолға алынған семинар биыл қазан айында өтеді деп жоспарланған.
Іс-шараның басты мақсаты – қызмет көрсету сапасын арттыру және туризм саласындағы мамандардың білімін жетілдіріп, сервисты жақсарту болып табылады, дейді сала мамандары. Семинар-тренингті бизнесті дамыту, нарықта брендті сату және ілгерілету жөніндегі кеңесшілер, сертификатталған шетелдік коуч-мамандар және топ позицияларында ұзақ жұмыс өтілі бар жергілікті білікті практиктер жүргізеді. Бес күнге созылатын іс-шара соңында қатысушыларға арнайы біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталады. Семинарға 40-тан астам гид-экскурсовод пен қонақ үй қызметкерлері қатысатын болады.
Тәжірибелі мамандардың айтуынша аймақтың туризмін одан әрі дамыту үшін шетелдік арналарға жарнамаларды көбірек шығарып әр қаланың әдемі жерлері туралы роликтердің жариялануына жалпы маркетинг бағытын қарқынды қолға алу қажет екендігін айта өтті. Сан ғасырлық тарихы бар Шымкент қаласының туристік әлеуетін жетілдіруде, отандық және шетелдік туристерге ақпарат жеткізуде экскурсия жетекшілері мен гидтердің рөлі ерекше. Себебі кәсіби гид-экскурсовод бұл туристерге алғашқы әсер қалдыратын тұлғаның бірі. Сондықтан семинарда — қаламызға келетін туристермен жұмыс істейтін гид-экскурсоводтардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі деп күтілуде.