Биылғы жылдың соңына дейін Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ елдімекені жеке инвесторлардың есебінен 100 пайыз талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі цифрландыру басқармасының жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына арнап ұйымдастырған баспасөз турында белгілі болды.
—Біз бұған дейін Самал 3, Асар 2, Солтүстік-батыс секілді бірқатар шағын аудандарды кабельді интернет желісімен қамтамасыз еттік. Биыл Қайнарбұлақ елдімекенінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазір елді мекеннің 30 пайызы талшықты оптикалық интернет желісімен қамтылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді, — дейді iLinkNet компаниясының құрылтайшысы Марат Боқаев.
Шымкент қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Туғанбайдың айтуынша, биыл Шымкент қаласында инвесторлардың есебінен 20 елдімекенге талшықты оптикалық интернет және 15 елді мекенге сапалы мобильді интернет жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2020 жылы интернет сапасы төмен және шалғай орналасқан Тұран, Шымсити, Шымсити-2, Асар-2, Асар, Достық, Солтүстік-Батыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Айкөл, Ақтас шағын ауданына базалық станциялар орнатылды. Нәтижесінде 11 елді мекен 51700-ге жуық қала тұрғындары сапалы интернетпен қамтылды. Ал, 2021 жылы қала аумағына және қаладан шалғай орналасқан Тұран, Шымсити, Шымсити-2, Асар-2, Асар, Достық, Солтүстік-Батыс, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Айкөл, Ақтас шағын ауданына базалық станция А-2 трассасы, Аэропорт маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ, Тассай, Құрсай, Р-32, Ынтымақ-2, Абдулабад, Забадам, Қайтпас-1, Нұртас, Асар, Самал-3 шағынауданына базалық станциялар орнатылып, жалпы он төрт тұрғын алабының 136 071 тұрғын сапалы интернетке қол жеткізді. Сонымен қоса, қаладан шалғай орналасқан 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіліп, жүз мыңға жуық қала тұрғыны жоғарғы жылдамдықты интернетпен қамтылды. Шымкент қаласының сапалы интернет көрсеткіші 2024 жылы 100%-ға жетеді деп күтілуде.
Тағы бір ақпар. Шымкентте «Кcell» компаниясының 5G желісінің 10 станциясы іске қосылды. «Кcell» мобильді операторының абоненттері, 5G технологиясын қолдайтын смартфон болған жағдайда, төменде көрсетілген мекенжайлар бойынша жаңа технологияның артықшылықтарын тегін қолдана алады. Олар: Төле би көшесі №11, Ж.Шанин драма театры, Д.Қонаев көшесі №5, Темір жол вокзалы, Т. Рысқұлов көшесі №36 (Север бизнес орталығы), Әл-Фараби көшесі (Орыс драма театры), Астана бизнес орталығы, Желтоқсан көшесі (Риксос Хадиша), 17 шағын ауданы, Республика көшесі №33 (Шымкент қонақ үйі маңы).