Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штаб отырысы өтті. Инвесторлар денсаулық сақтау, құрылыс салалары мен жеңіл өнеркәсіп пен сауда-саттықты дамытуға бағытталған 10 жобаны таныстырды. Басқосуда инвестициялардың орындалу барысы пысықталып, жаңа жобаларды іске асырудағы өзекті мәселелер талқыланды. Қала басшысы жауаптыларға жер телімдерін бөлу, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл ретте бюрократиялық кедергілерді жойып, кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайдың жасалуын қадағалауды ескертті.
Сондай-ақ, қала әкімі Мұрат Әйтенов аграрлардың жағдайымен танысып, ауыл шаруашылығындағы кластерлі жобаларды қадағалады.
Бадам тұрғын алабының шаруалары 6,5 гектар алқапқа құлпынай өсіруде. Өнім көлемін арттыру үшін бүгінде шаруалар бірігіп, ауыл шаруашылығы кооперативін құруда. Алдағы уақытта егістікті 30 гектарға арттыруды көздеп отыр.
Маусымдық жұмысқа кіріскен шаруалардың жағдайымен танысқан қала әкімі жауаптыларға тауарларды тікелей тұтынушыларға жеткізуді қамтамасыз ету үшін алқап маңындағы жол жиегінен көшпелі сауда орындарын ұйымдастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы Сайрам тұрғын алабында орналасқан жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін «Дары Сайрама» ЖШС-де болды. Бүгінде кәсіпорынның 5 гектарлық алқабында жүзім өсіріледі. Қазіргі таңда мұнда 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 7 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеп, тосап, шырынның түр-түрін өндіреді.Шаһар басшысы жауаптыларға кластерлік жобаларға басымдық беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.