Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы нақты жол саласына қатысты 8 бағытта жұмыс атқарады. Соның бірі — қала аумағындағы жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған орай, жол белгілері, жасанды жол кедергілері орнатылып, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол таңбалары сызылады.
Салаға жауапты мамандар күнделікті қала көшелерінде зерделеу жұмыстарын қарқынды жүргізеді.
Ағымдағы жылы қала аумағында сонымен қатар, шағын аудандар мен тұрғын алаптардың әлеуметтік маңызы бар орындарында жол жүрісі қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында ҚР Жол жүрісі қағидаларының 1.16.1 (жасанды бұдырлық), 5.16.1-5.16.2 (жаяу жүргінші өткелі) қажетті аймақтарға 800 метр жасанды жол кедергілері орнатылады.
Айта кетейік, жасанды жол кедергілері әлеуметтік маңызы жоғары емхана, мектеп, балабақша секілді мекемелердің аумағына орнатылады.
Сондай-ақ, 2023 жылы қажеттілігі бар аймақтарға 15 бағдаршам орнату жоспарлануда. Қала көшелеріне жалпы 400 шақырым жол таңбалары сызылып, 3500 жол белгілері орнату жоспарлануда. Айта кетсек, Шымкент қаласының орталық көшелеріне ағымдағы жылы заманауи үлгідегі жаңа 250 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр.
Жаңа типтегі шыны барлық аялдамалар жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат — елді-мекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру.
Сала мамандары аялдамалардың ұзақ сақталып, шаһар көркін кіргізіп тұруы — сапасына ғана емес, қала тұрғындарының істелінген жұмысқа жауапкершілікпен қарап, орындықтарды сындырмай, тұрған орнын бүлдірмей таза ұстауына да байланысты екенін айтады.
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде: 1336 аялдама павильоны бар, қалғаны аялдама белгілері орнатылған.