Сарыағаш қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ мамандары және Түркістан облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасының түлектеріне жабдықтар жиынтығы салтанатты түрде табысталды.
Түркістан облысынан жобаның 27 қатысушысы өз ісін ашуға жалпы сомасы 459 450 теңгеге жабдықтар түріндегі гранттар алды. Қатысушылар негізінен «Кондитерлік іс», «Сұлулық индустриясы», «ЅММ» мамандықтарын игерді.
— «Самұрық-Қазына» АҚ-ң «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры — азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірлерді дамытуға бағытталған жобаларды әрдайым қолдайды. Бұл жобаның мақсаты — сұранысқа ие мамандықтарға оқыту және шағын гранттық қолдау көрсету арқылы адамдардың әл-ауқатын арттыру. Осыған дейін құрал-жабық түріндегі грантты Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарының түлектері иеленді. Бүгін Түркістан облысындағы әлеуметтік жобаның тағы 27 түлегіне жабдық жиынтықтарын табыстағалы отырмыз. Болашақ кәсіпкерлердің істеріне береке берсін, — деді «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі Серғожа Қалиасқаров.
Қазіргі таңда өңірде жоба аясында оқытудың екінші кезеңі басталып, онда 43 қатысушы білім алуда. Сабақтарға белсенді қатысып, жаттықтырушы мен тәлімгердің барлық талабын орындаған қатысушы өз ісін бастау үшін қажетті құрал-жабдықты тегін алады.
Айта кетсек, «Табысты отбасы» қайырымдылық жобасы туралы ақпарат БАҚ беттерінде және @tabysty.otbasy инстаграм-парақшасында орналасқан. Сондай-ақ +7 701 558 0856 нөміріне хабарласып, ақпарат алуға болады.
Еске салсақ, былтыр бұл пилоттық жоба ретінде қолға алынған. Оған әлеуметтік жағдайы осал топтағы отбасылар қатыса алады. Сондай-ақ, көпбалалы және толық емес отбасы мүшелері, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты аналар мен әкелер, табысы төмен отбасынан шыққан жастардың да бақ сынап көруге мүмкіндігі бар. Олар жаңа дағдыларға үйреніп, тәжірибелік тренингтерден, шеберлік сыныптарынан өтеді және өз ісіне тұрақты тәлімгерлік сүйемелдеуге ие болады. Ал, жеңімпаздарға грант қаржысы заттай беріледі. Яғни, үздіктер бизнес жобаға сәйкес қажетті құралдармен қамтамасыз етіледі. Түркістан облысындағы Сарыағаш ауданы пилоттық жобаға енген еді.
Еліміздегі бес өңірге барлығы 300 грант қарастырылған еді. Ал, Түркістан облысында 70 қатысушыға қолдау көрсетіледі деген жоспарда бар. Әрбір жеңімпазға 450 мың теңгенің шамасында құрал-жабдық беріледі. Сондай-ақ, жобаға қатысушыларды спикерлер тегін оқытып, бизнесті жүргізу барысын үйретеді. Соңынан қадағалап, бағыт-бағдар беріп отырады.