«Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні бәріңізге белгілі. Осыған орай мектептерде есірткіге қатысты түрлі іс-шаралар көптеп өткізілуде. Жасөспірімдерге есірткінің зияны туралы айтылатын пайдалы жиындарды өткізу, құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы олардың есірткіге тәуелді болмау жолдарының алдын алуға болады. Бүгінде облыстағы білім ошақтарында түрлі семинар, дәрістермен дөңгелек үстел, сондай-ақ ата-аналардың қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналған.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Есірткіге жол жоқ!” тақырыбында маңызды іс-шара ұйымдастырды. Шараның мақсаты есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарылату.Ауқымды шараға Түркістан қалалық полиция басқармасының ювеналды полициясы мен дәрігер-наркологтар жұмылдырылды. Семинарға Түркістан қаласында орналасқан №28 және №18 Ж.Еділбаев мектеп-гимназияларының мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады.Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауруға» Қазақстан да шалдыққан. Ол уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әр түрлі себептері бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қол жетімділік. Бұған дәлел күн сайын әр-түрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жәйлі ақпарттар. Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне — мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан бір рет есірткіні қолдансам ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады.
Семинар барысында тәртіп сақшылары оқушыларға есірткіге қарсы бағыттағы бейнероликтер көрсетіп, есірткі мен психотроптық заттардың зияндылығы туралы айтып берді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың салдары туралы түсіндірді. Полицейлер жастарды салауатты өмір салтын ұстануға және заңдарды сақтауға шақырды.
Семинар соңында тәртіп сақшылары оқушылармен бірге есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған “Есірткіге жол жоқ!” парақшаларын қоғамдық орындарға орналастырды.