Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлымен бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша заңнамалардың тиісті нормаларын облыс көлемінде жеке және заңды тұлғаларға жеткізу мақсатында аудан қала аумағында көшпелі семинар-кеңес өткізу жоспарланған болатын. Осы мақсатта бүгін аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбайдың төрағалығымен кезекті жиын өтіп, күн тәртібінде өсімдіктерді қорғау мен өсімдіктер карантині саласы туралы және мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік қолдаулар мен бақылау туралы мәселелер қаралды.
Семинар-кеңеске Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы мен ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл округтерінің әкімдері, аудан шаруалары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында ҚР АШМ АӨК МИК Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының Түркістан облысы Отырар аудандық филиалының басшысы Дауылбай Раманқұлов баяндама жасап, өсімдіктер карантині және өсімдіктерді қорғау саласы бойынша 2023 жылы атқарылатын іс-шараларға тоқталды. Ол өз сөзінде өсімдік карантині мемлекетті немесе оның жеке бір бөлігін аурулар мен зиянкестердің және арамшөптердің таралуынан сақтау үшін ұйымдастырылатынын айта келе, шаруаларының басты проблемасына айналған жоңышқаның зиянкесі жапырақжегіш бізтұмсығы мен жергілікті саяқ шегірткелерімен күресудің жолдарын атап өтті.
Сонымен қатар Отырар аудандық аумақтық инспекциясының маманы Бекжан Омаров өнімдерді Қазақстан аумағында облысаралық тасымалдауға уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсiмдiктер карантинi жөнiндегi мемлекеттiк инспекторы беретiн карантиндiк сертификаты және Қазақстаннан тыс жерге шығаруға фитосанитарлық сертификаты қажет екенін атап өтті. «Аталған сертификаттарды Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары береді. Мемлекеттiк қызметтi электронды және қағаз түрінде алуға болады»,-дейді Б.Омаров.
Жиында ауылшаруашылығы саласының ардагерлері Өсербай Жүнісов пен Сайрамбек Сәрсен және өзге де ауыл тұрғындары мамандарға көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Сөз соңында аудан әкімінің орынбасары Ержан Асанұлы ағымдағы жылы аудан көлемінде өсімдік зиянкестерімен күресу бойынша оқыту, түсіндіру шаралары жүргізілетінін айтып, аталған оқыту семинарларына барлық шаруалар қамтылу керектігін ескертті. «Шаруалар еңбектеніп еккен егінінің өнімін ешбір зиянкестер мен кедергілерге ұрынбай толық алуы керек. Бұл бағытта мамандардың көмегімен тиісті шаралар атқарылу тиіс»,-деді аудан әкімінің орынбасары.