Тайланд мемлекетінің Бангкок қаласында бокстан 19-22 жас арасындағы Азия біріншілігі (U-22) өтті. Байрақты бәсекеде 48 келіде салмақта қолғап түйістірген Келес ауданының тумасы жас былғары қолғап шебері Санжар Ташкенбай Өзбек боксшысы Шодержон Меликузиевты жеңіп, Азия чемпионы атанды!
Астана қаласының тұрғыны Санжар Тәшкенбай — 2003 жылы Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округі Ғ.Мұратбаев елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі — Тәкен өмірін ұстаздыққа арнаған, он екі ұл мен қызды өсірген ақын Тәшкенбай Шалдыбаевтың үлкен ұлы.
Қанжығасына алтын медалді байлап ел намысын қорғап қайтқан жас өрен өз жеңісін әлемге мойындатуымен қатар Келес ауданының атауын бүкіл әлемге танытты. Айта кету керек, бәсекеге елімізден әр салмақ дәрежесі бойынша барлығы 13 қолғап шебері бақ сынасты.
Жарыстың соңғы күні ерлер арасындағы финалдық бәсекелер өтті. Бұл сынға 6 бірдей жерлесіміз жоллдама алған еді. Араларынан ең жеңіл салмақтағы Санжар Ташкенбай, бұған қоса, 54 және 57 келіде ел намысын қорғаған Нұрсұлтан Алтынбек пен Махмуд Сабырхан қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанды. Орта салмақтарда жұдырықтасқан Абзал Серік, Сабыржан Аққалықов және Диас Молжігітов күміс жүлдеге қол созды. Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 2-ші орынға тұрақтады. Топ басында – Өзбекстан. Олардың еншісінде 9 алтын бар. Үздік үштікті Филиппин жігіттері түйіндеп тұр. Айта кетейік, осының алында қыздар арасындағы бәсеке де өтті. Ұлттық құрама спортшылары 2 алтын мен 7 қола жеңіп алып, жалпы есепте үшінші орынға тұрақтаған болатын.
Бұдан бұрын Мөлдір Тойкова (50 кг), Әнел Сақыш (54 кг), Виктория Графеева (57 кг), Шахназ Исаева (60 кг), Назерке Серік (63 кг), Ақнар Ищанова (66 кг) және Дана Дидай (75 кг) қола жүлдеге ие болды.