Түркістан қаласында «Байтақ» партиясының бастамасымен сенбілік акциясы өтті. Тазалық шарасына Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің белсенді студенттері, партияың белгілі мүшелері және еріктілер белсене атсалысты. Сенбілікке партия жетекшісі Азаматхан Әміртай, Түркістан облысы “Байтақ” партиясы филиалының төрағасы Нәлібай Бекжан қатысты. «Байтақ» партиясының ұстанымы — таза өмір, таза табиғат. Барлығымыз айналамызды таза әрі эко талапқа сай ұстансақ, жастарға үлгі болатыны сөзсіз. Баршамыз тазалыққа бейім болып, бірге сенбілікке шығуды әдетке айналдырсақ, таза қалада, таза әлемде өмір сүреміз. Осындай игі істерге, сіздерді белсене атсалысуға, сауапты іс жасауға шақырамыз. Бір-бірімізге қол ұшымызды беруден аянбайық! — деді сенбілікке қатысушы партия өкілдері.
Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда «Казгидромет»-тің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген.
Мемлекет басшысының 2 млрд. әр түрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасын орындау барысында Түркістан облысы бойынша 5 жылда 132 мың гектар жерге 210 млн.-нан аса ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің бастамасымен Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда барлығы 13 629 га жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Алдағы уақытта «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделуде.
Бұдан бөлек, облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында 30 млн данадан астам әр түрлі орман ағаштарының көшеттері өсіріліп жатыр. Алдағы уақытта ол көшеттердің санын 60 млн.-ға жеткізу жоспарлануда.Адам денсаулығының айнымас бір бөлігіне айналған табиғат тазалығын қалыптастыруға бағытталған аталмыш шара алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.