Кешегі ашаршылық пен соғыс жылдары және желтоқсан көтерілісіндегі әрбір оқиғаны ғалымдар жіті зерттесе талай шындықтың беті ашылары мәлім. 2021 жылдың 14 қаңтарында Түркістан облысындағы тарихта жазықсыз жапа шеккендерді ақтау бойынша топ құрылған болатын.
Түркістан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 4 ақпандағы шешімімен комиссияның құрамы бекітіліп, 2021 жылғы 18 маусымдағы және 9 қарашадағы шешімімен өзгерістер енгізілді. Комиссия құрамына тарихшы ғалымдар, доценттер, phd докторлары, сарапшылар, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры, архив саласының қызметкерлері және т.б. азаматтар енгізілді. Сөйтіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылды. Бұған дейін бірнеше рет комиссия мәжілісін өткізілді, алты дөңгелек үстел, үш семинар ұйымдастырылды. Онда Түркістан облысындағы байлардың шаруашылығын кәмпескелеу мен кулактарды тап ретінде жою науқанының деректерін, «Ұлыларды ұлықтау — ұлт тарихын ұмытпау» деген тақырыпта архив қорларындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы деректер, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы естеліктер жинаудың әдіс-тәсілдері, кеңес идеологиясы мен діни құндылықтар қақтығысы, шаруаларға қарсы күштеу шаралары және ашаршылық салдары, депортация мен арнайы қоныстандырылғандардың тағдыры туралы мәселе сөз болды. Ал семинарларда қуғын көргендердің куәгерлерінен, ұрпақтарынан естеліктер жинаудың әдістемесі, архив құжаттарымен жүргізілетін археографиялық жұмыстарды ұйымдастыру, қуғын-сүргін құрбандарының деректерін баспасөзде жариялау мәселелерін талқыланды.
2021 жылы сәуір айында Түркістан облыстық мәслихаттың сессиясында ғылыми және зерттеу қызметіне қажетті барлық шығындар және өңірлік комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті басқа да шығыстарға жергілікті бюджеттен 19,5 млн теңге қарастырылған болатын. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облыстық өңірлік комиссияның және жұмысшы топтың 2022 жылға арналған жұмыс жоспары толығымен іске асты. Түркістан облысы негізі тоғыз бағыт бойынша жұмыс істейді.
Өткен жылы Созақ, Бәйдібек аудандарына экспедициялар ұйымдастырылды. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих, теология, әлеуметтану, халықаралық қатынастар, экономика мамандықтарының бітірушілеріне саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тақырыптары жоба жұмысы ретінде бекітіліп берілді. Бітіруші бакалаврлар осы тақырыптар бойынша 2022 жылы қаңтар-сәуір айларында аудандарда экспедицияда болып, материалдар мен деректер жинастырып қайтты. Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының архивіндегі қорлары, ІІМ-нің арнайы архивінің қорларымен Түркістан облысының мемлекеттік архивіндегі қорлар зерттеліп жатыр. Ал жергілікті халық арасында айтылған ауызша тарих (oral histori) методикасының негізінде 35 сауалнама жүргізілді.