Өңірлік комиссия және жұмысшы топ мүшелерімен облыс көлеміндегі саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар жерленген жерлерді анықтау, жазықсыз сотталған және қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау мәселесін ғылыми тұрғыда зерделеу жұмыстары жалғасуда. Қазақ ұлты қасіретті аз шекпеді. Саяси репрессия жылдары Қазақстанда 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшыраған болса, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Зұлмат заманда солақай саясаттың құрбаны болған боздақтарды жас ұрпақ есінде мәңгілік қалдыру мақсатында 31 мамыр қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Арыстарымыз атылып, тектілер тентіреген тауқыметке толы кезең бүгінде тарих қойнауында қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес қазір елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар жұмыс жүргізуде.
1929-1937 жылдар аралығы – қазақ үшін қасіретті кезең болғаны белгілі. Тоталитарлық жүйенің теріс ықпалының әсерінен солақай саясат қолдан жасалды. Саяси қуғын-сүргін халықты қан жылатты. Қазақ зиялыларының тағдырына ауыр соққылар Голощекиннің 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетіне келуімен басталды. 1929-1931 жылдары ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессияның бірінші толқыны ұйымдастырды. 1932 жылы болған жаппай ашаршылықтан қаншама қазақ көз жұмды. Сол кезеңде қазақ жерінде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. Дерек бойынша 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Яғни, 1930-53 жылдары қазақтың 40 проценті қаза тапты.
1930 жылы Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде молда Жұмағазы хан мен Қожбан батыр көтеріліске шығып, оны басқарады. Олар Қарақұмда жиналып, кеңестік жүйеге қарсы екендіктерін ашық жеткізеді. Осыдан кейін халықты жазалау басталады. Тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынғаны туралы дерек бар. Оның ішінде 118 адам ату жазасына кесілген. 108 адам бас бостандығынан айырылып, әртүрлі концлагерьге жіберілген.
Қазақтың мінезі – қазақтың руханияты. Әр қазақ ойын еркін айтатын болған. Елі үшін күрескен. Қазіргі таңда көбі ойын еркін айтуға қорқады. Ол кездегі аталарымыз елім деп батырлық танытты. Атып тастайтынын білсе де қайсар мінез көрсетті. Бізде санасына сіңген үрейден әлі арылмаған адамдар бар. Олар ата-бабасын халық жауы деп ойлайды. Турасын айтқанда олар нағыз қазақтың батырлары,- дейді мамандар.
Ел басына түскен қиындықтарға қарсы қаймықпай, білек түре еңбек етіп жатқан халқымыздың біртуар азаматтарына да ұлтшылдықтың қамыты киіліп, «халық жауы» атанып, айдалып кете барды. Бұл сол кездегі қоғамның қатыгез басшысы И.В.Сталиннің жандайшабы Л.Берияның қолындағы ішкі істер халкомының жазалау шаралары еді. Бұл тұста да қоғамның қаймағы дерлік, белгілі зиялы қауым өкілдерінен жазықсыз жапа шекпеген жан қалмады. Тіпті шалғай ауылдардағы шаруа баққан, екі әріптің басын қоса алмайтын сауатсыз, қарапайым адамдардың өзі осынау қатыгез кезеңнің құрбаны болғанын аңғаруға болады. Жауаптылар зерттеу кезінде ғалымдардың, тарихшылардың жазған мәліметтерін қолданады. Жастарға тарихты бүкпесіз жеткізіп, жас ұрпақ жадына егемендігіміздің оңай келмегендігін дәріптеу қажет. Айта өтсек, мемлекеттік комиссияның материалдарын жарыққа шығару жұмысы биыл да бірыңғай серия шеңберінде жалғасатын болады.