Туризм – экономика дамуының бір тетігі. Бұл бағытта Төлеби ауданында бүгінгі таңда 76 нысан жұмыс жасап жатыр. Олар: бір шаңғы базасы, 4 емдік-сауықтыру орны, 71 демалыс аймағы, 64 саяжай. Бүгінгі күнге дейін ауданға 34552 демалушы келіп, жалпы 662 млн.416,0 мың тенгеге қызмет көрсетілді.
Ауданның демалыс орындары тұрғындарға жыл мезгілдеріне орай тауда тынығу, атта серуендеу, шаңғы тебу, сырғанау секілді қызмет түрлерін ұсынады. Қыс мезгілінде таудың әсемдігін тамашалап, таза ауамен тыныстап, шаңғы тебу үшін «Тау Самалы» демалыс аймағының «Алатау» тау шаңғы базасы, «Алма-тау» тау курорты қызмет көрсетеді. Ал, емделушілерге «Біркөлік» санаториясы, «Дихан Тау» саумалмен сауықтыру орталығы жұмыс жасауда. Балық аулауға арналған «Сақ» демалыс аймағындағы 3 көлде карп пен форель балықтары өсірілуде.
Сонымен қатар тау туризмін дамыту мақсатында «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» құрылысы жүріп жатыр. Кешен іске қосылғанда туристер саны едәуір артады деп күтілуде.
Төлеби ауданы қай жағынан алсаң да кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ. Табиғатының кереметтілігі сондай, шыбық шаншысаң шынар болып шығады. Туризмді дамытуға да өте қолайлы. Түркістан облысындағы демалыс орындарының басым бөлігінің осы ауданда орналасқаны сөзімізге дәлел.Ақсу өзені өзінің бастауын Тянь-Шань тауы арнасын алады. Аудан аумағынан өтіп, Сайрам, Ордабасы аудандарының тоғысқан жеріне – Арыс өзеніне барып құяды. Тау суы тұнық, ал дәмі балдай. Таудың қоңыр салқын ауасы мен табиғатының шексіз сұлулығына қызығушылар үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы таптырмас демалыс орны болып табылады. Парк территориясында Өгем жотасының ең биік жері Сайрам шыңы болса, Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері де ағып өтеді.
Табиғат аясында тынығушылар саны жыл санап артып келеді. Ауданның табиғи ерекшелігіне орай туризм кластерін дамытуға өте ыңғайлы. Осы салада аудан аумағында жалпы 139 туристік нысан жұмыс істейді. Олар 1 шаңғы базасы, 2 емдік-сауықтыру орны – «Біркөлік» санаториясы және «Ақкен» саумалмен емдеу орталығы, 72 демалыс аймағы және 64 саяжай.