Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «Болашақ» мектеп-гимназиясында 16-23.02.23 ж аралығында «Математика ақыл-ойдың патшасы» атты тақырыпта математика пәні апталығы өткізіліп жатыр. Апталық барысында ашық сабақтар мен сыныптан тыс сайыстар, ашық есік күндері, жоба жұмыстары мен математикалық көрме жұмыстары ұйымдастырылуда.
Апталықтың мақсаты математика сабағында заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, оқушылардың қызығушылығын, логикалық ойлау қабілеттерін арттыру болып саналады.
Бүгінгі ғылым мен техниканың қарқынды дамып, еліміздің экономикасы өсіп, үкімет үдемелі индустрияландырудың керемет жобаларын жүзеге асырып отырған кезеңде оқушылардың математика мен физика пәндерінен біліміне, компьютерлік сауаттылық деңгейіне қойылатын талап та жоғары. Болашақта білімді ұрпақ керек, ал білім кілті – барлық нақты ғылымдардың негізін меңгеруде. Себебі математикалық білімі мықты, компьютерлік сауаттылығы жоғары әрі ойлау қабілеті дамыған бала ғана ғылым мен техника тілін табысты меңгере алады. Әр баланың жеке бір ғылымға деген қабілетін ескере отырып оқыту, оны дамытудың барлық мәселелерін шешетін дайын әрі керемет әдістеме болуы мүмкін емес. Оқушылардың бойында білімге деген қажеттілікті сезіну, білім алу үшін өз бетінше іздену, жаңашылдыққа ұмтылу қасиеттерін тәрбиелеу-сабақта ғана емес, сыныптан тыс жұмыстарда да жүзеге асырылуы керек.
Осындай жұмыстың маңызды бір бағыты- пәндік онкүндігі болып саналады. Оқушылардың «Математика» пәніне деген қызығушылығын арттыруға, танымдық белсенділігін қалыптастыруға, ой-өрісін кеңейтуге бағытталған Онкүндік ерекше басталды. Балалар Математика ғылымының құдіреті мен оның басқа ғылым салаларымен байланысын сипаттаған шағын қойылымның күәсі болды. Осы орайда білім беруді, оның ішінде, математикалық білім беруді отандық ғалымдардың жаңалықтарымен, оның ішінде әл-Фараби сияқты ғұлама бабаларымыздың еңбектерімен толықтырып, оқыту мазмұнын байыту, жастарға соның негізінде патриоттық сезімді сіңіре отырып, оларды ғылыми-әдістемелік зерттеулермен айналысуға жұмылдыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі даусыз.