Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» жұмысын бастаған-ды. Бұл бағытта түркістандық тарихшы ғалымдар да екі жылдан астам уақыттан бері жүйелі жұмыс жүргізуде. Көптеген архивтік құжаттарға зер салып, маңызды деректерді іздеп табуға көңіл бөлді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталған бағытта еліміздің барлық өңірінде комиссиялар құрылды. Нәтижесінде мақсатты түрде 11 бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ғылыми ізденісті қажет етеді.
Қаншама архивтің құжаттары ақтарылуы қажет. Осы мәселеге байланысты Қызылорда мен Түркістан облыстары арасында өте тығыз байланыс бар. Өйткені, 1936 жылға дейін аталған аумақтарда Сырдария округі болды. Ол Қазалы мен Әулиеата аралығын қамтыды. Сол уақыттағы кәмпеске, күштеп ұжымдастыру, адамдардың өзге елдерге үдере көшуі секілді жағдайларға байланысты мәліметтер сол аймақтағы архив мекемелерінен табылады. Қазір осы мақсатта тиісті жұмыстар жасалуда. 2022 жылы Қызылорда және Түркістан облыстық комиссиясының жұмыс тобы Жаңақорған ауданында тәжірибе алмасты. Бірлескен экспедициялар жүргізді. Түркістан облыстық комиссиясы шығарған жинақтың ішінде Қызылорда облысына қатысты деректер аз емес. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мұнымен жылмен шектелмейді. Алдағы уақытта аталған жұмыстарды талдау, сараптау, таразылау шаралары жүргізіледі.
Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, өткен ғасырдың 20-40-жылдарында жергілікті ұлт өкілдерінің облыс халқы санына байланысты үлес салмағы біршама төмендегенін байқау қиын емес. Көптеген мәліметтер жинақталып, ғылыми айналымға түсті. Зобалаң жылдарда «Шетелге көшкен адамдардың барлығы кеңес үкіметіне қарсы, олардың барлығы – бай адамдар. Олар – Отанын сатқан халық жаулары» деген теріс түсінік болды. Ғалымдар саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбаны болған, сотсыз немесе тергеусіз атылған, аштық кезінде елден кетуге мәжбүр болған босқындар және тарихымыздың басқа да ашылмаған ақтаңдақ беттеріне жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған деректер негізінде баяндамалар жасаған. Енді олар алдағы міндеттері пысықтайды.