С.Қожанов атындағы Созақ аудандық музейінде»Музейге жол» атты ашық есік күндері өтіп жатыр Бүгін Н.Төреқұлов ат. ITмектеп-лицейінің 9″г» сыныбы оқушылары арнайы шақырылып,іс-шараға қатысты. Келушілерге музей ісі,әлемдегі музейлер тарихы,құнды экспонаттар,еліміздегі музейлер тарихы таныстырылып,қызықты деректер,суретті көрме ұсынылды. Лувр музейінің ғажаптарынан бастап өлкелік музейіміздің тыныс-тіршілігі әңгімеленді. Келушілер музей залдарын аралап, экспонаттарды тамашалады.
Еске салсақ, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Түркістан облысындағы Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында Сұлтанбек Қожанов атындағы өлкетану музейі пайдалануға берілген еді. Осы уақытқа дейін ескі және шағын ғана ғимаратта орналасқан музей ұжымы, бүгінде жаңа, зәулім нысанда халыққа қызмет көрсетуде.
Музейде тарихи мұраларды сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Орта ғасырдан жеткен жәдігерлер, қазан төңкерісіне дейінгі жергілікті халықтың тұтынған заттар мен балбал тастар қойылған. Жергілікті күйші, ақын-жазушылар, спортшылар тұтынған құнды дүниелер бар. Мәселен, Төлеген Момбековтің, Дина Нұрпейсованың ұстаған қара домбырасы, ел Тәуелсіздігінен, аудан тарихынан сыр шертетін мұралар орналасқан.
Қазіргі таңда музей қорында 2700-ден астам астам жәдігер сақталған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру үшін алдағы екі жылда құнды жәдігердің санын 5000-ға жеткізу жоспарланып отыр. Сұлтанбек Қожаннов атындағы өлкетану музейінің құрылысы аудандық бюджеттен соғылған. Мамандардың айтуынша 2019 жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстары басталып, жалпы құны 413 миллион теңгені құраған.
Сұлтанбек Қожанов Түркістан өлкесінің әйел-қыздарының тұрмыстық жағдайларына да ерекше көңіл бөліп, олардың қоғамдағы орны мен қызметін жоғары бағалауды, бірінші кезекте аналарды аялауды, олардың әлеуметтік жағдайларына көңіл бөлуді талап етті. Сол бір ауыр күндерді халқымыздың әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, ана тілін ұмытпай, ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы мысқалдап жинаған асыл мұраларын қастерлеп, оны нығайтуға, өркендетуге шақырды. Бұл салада жергілікті «Тіл декреті» жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде бірқатар жұмыстар жүргізді. С.Қожановтың мемлекет қайраткері ретінде 1920-24 жылдардағы қызметтерінің бірі — елдегі сауатсыздықты жою, мектепке мұғалім дайындау мәселесі болды. Ол өзінің оқу-ағарту саласындағы мол тәжрибесіне сүйене келе, Ташкенттегі халық ағарту институтын ашуға атсалысты. Мұғалім кадрлар құрамын көбейту тікелей басшылық етті. Әсіресе 1922 жылы Түркістан өлкелік халық ағарту комиссары болып істеген жылдары оның қайраткерлігі тағы да жан-жақты көрінді. 1920-1921 оқу жылы оның табандылығы мен талап етуінің нәтижесінде өлкенің жалпы бюджетінің 20% халық ағарту саласына бөлінуінде Сұлтанбектің үлесі бар. Сол жылдары мемлекет қаржысының құлдырар дағдарысқа ұшырауы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ұсақ өндіріс орындарының ауыр жағдайларын есепке алып, халық ағарту мекемелерінің басым көпшілігін өкімет бюджетінен жергілікті бюджетке өткізді. Республикалық және жергілікті оқу басқару аппараттарының штаттарын қысқарту арқылы мектептердің болашағын сақтап қалды. Көп жылдар бойы «Ақ жол» газетінің редакторы, қызметінде жүріп, «Шопан» журналында бірнеше өлеңдері, мақалалары жарияланды. Мектеп оқушыларына арналған«Есептану құралы» оқулық ретінде баспадан шығып, жас бүлдіршіндердің сүйіп оқитын кітабына айналды. Оның халық ағарту саласындағы қызметін үкімет сол кездің өзінде-ақ өте жоғары бағаланды.