Қазақ елі азаттыққа қол жеткізгенше екі бірдей төңкеріс пен екі бірдей алапат аштықты бастан кешті. Талай жаумен тіресті, талай жаумен күресті. Алаш қаймақтарын қынадай қырған Сталиндік аяусыз қуғын-сүргіннің де құрығына ілікті. Қазақ зиялыларымен қоса қазақ руханияты репрессияға ұшырады. Сол тұста қазақ халқы сандық және сапалық тұрғыдан да зор шығын көрді. Тіпті бүгінгі күнге дейін еңсемізді тіктей алмайтындай дәрежеге түстік. Зұлмат жылдардың жазықсыз жазасын тартқандар қатары көп болып, халық шекара асуға мәжбүр болды. Біз осындай қиын кезеңдерді артқа тастап, ел болдық! Ел болып алпауыт қазақ өркениетін қалыптастырдық. Енді, міне, ақтаңдақ жылдардың ақиқатын ашар кез келді. Алаш ардақтыларын ақтайтын сәт туды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сұрапыл жылдарда қазағым деп қаза болған ұлылардың есімін ақтауға мүмкіндік алдық. Мемлекет Басшының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сәйкес елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі 11 өңірлік комиссия құрылып, жұмысын бастағалы да екі жылдан асуда.
Мемкомиссия – жазықсыз жазаланғандарды, күштеп елден аластатылғандарды, діни, ұлттық және саяси құқығы бұзылғандарды ақтауға жұмыс істейді. Зерделеп, зерттейді. Репрессияға ұшырағандардың тізімін жасап, санаттарға бөледі.
Қысқасы, комиссияның құзыреттілігі жоғары. Тарқатып айтар болсақ, біріншіден, комиссия мүшелері аса құпия саналатын архив қорларын қарап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Мәлім болған ақпараттар рұқсатсыз еш жерде жарияланбайды.
Екіншіден, комиссия Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органның қызметін атқарады.
Үшіншіден, комиссия мүшелері Прокуратура органдарының, Ішкі істер министірлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, тіпті Президенттің архивтеріндегі жабық / құпия қорларды қарауға құқылы көрінеді.
Төртіншіден, комиссияның мәртебесі айтарлықтай жоғары. Бесіншіден, комиссия құрамы ауқымды. Олардың қатарына, түрлі қоғамдық ұйымдар мен меморган басшылары, ғалымдар т.б. кіреді. Алтыншыдан, комиссия халықаралық деңгейде қызмет атқарады. Жетіншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау қызметін үйлестіреді.
Комиссия құрамы жылына кемінде бір рет жиналып, жұмыс нәтижелерін талқылайды. Көпшіліктің дауыс беруімен шешім қабылданады. Сондай-ақ комиссияның жұмысы үш жылға созылады екен. Бүгінгі таңда комиссия өзінің жұмысын жалғастыруда. Аштық мәселесі, репрессия адамдардың тізімі анықталып, каталогқа енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Азаматтарды толық ақтауға ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі таңда ғалымдар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқа да мемлекеттік архивтерінде жұмыс істеп жатыр. Керісінше, мемлекеттің бүкіл ресурстарының барлығы осы Қазақстандағы архивтерді ашып, сол архивтердегі материалдарды толық жан-жақты зерттеуге бағытталған. Әрбір бағыт бойынша жеке-жеке ғылыми-танымдық және басқа да материалдар шығатын болады.