25 қаңтар Орта Азиядан шыққан тұңғыш Кеңес гвардия генералы, іскер ұйымдастырушы, батыл да білікті әскербасы, Екінші дүниежүзілік соғыста бір емес, үш дивизияға басшылық еткен қолбасшы Сабыр Рақымовтың туған күні. Ол Кеңес Одағының батыры, қолбасшыларға берілетін ІІ дәрежелі -«Суворов» орденімен, «Ленин» орденімен, төрт мәрте «Қызыл ту» орденімен және көптеген медальдармен наградталған тұлға. Оның қолбасшылық дарыны дивизияларды басқарған кезінде айқын көрінген еді. Күші әлденеше рет басым немістің мықты генералдары Клейс, Фон Буш, Фрикке басқарған айқастарды, басқыншыларға ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, қирата соққы берген тұста барынша жарқырай көрінді. Ол жөнінде «Генерал Рақымов» атты көркем фильм түсірілді. Өзбекстандағы ауылдар, мектептер, Ташкенттің бір ауданы, көшесі, метро бекеті, Түркістан облысы Қазығұрт ауданында ауыл округі, Көкбел ауылындағы орта мектеп, аудан орталығында көше Рақымов есімімен аталады. Ташкент қаласында Рақымовқа ескерткіш орнатылған. Польша Республикасының бір траулері генерал Рақымов есімімен аталады. Шымкенттегі «Жас ұлан» республикалық мектебі қазақ халқының даңқты ұлының есімімен аталады. Шымкент қаласында Тәуке хан көшесінің бойында Жеңіс саябағында, Қазығұрт ауданының орталығындағы саябақта, Көкібел ауылындағы мектептің алдында ескерткіші орнатылған. Жазушы Әкім Ысқақ Сабыр Рақымов жайлы «Тұңғыш генерал» атты кітап жазған. Өткен жылы аудан әкімдігі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Сабыр Рақымовтың 120 жылдығына арналған республикалық «Терме- маржан жыры бабамның» термешілер байқауы, «Әсемдік әлемінде» атты жас суретшілердің аудандық байқауы, кітапханаларда түрлі тақырыпта іс- шаралар, Көкібел ауылында еске алу кеші және спорттық жарыстар өтті. Жас ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында С.Рақымовты еске алуға арналған игі ісшаралар жыл сайын жалғаса беретін болады.
Сабыр Рақымов 1902 жылы дүниеге келген. Ол 20 жасынан бастап Қызыл әскерде қызмет етті. Ұлы Отан соғысының майдан даласында полк, дивизия басқарды. Бірнеше рет ауыр жарақат алса да, сапқа қайта оралған.
Сабыр Бакудегі әскери мектепті 1925 жылы үздік бітіріп, Түркістан әскери округінде басмашыларға қарсы соғысады. 1933 жылдан бастап әскери қызметте үнемі жоғарылап отырған. 1936 жылы жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Әйтсе де, батыр өмірі бұлтсыз болмаған. 1939 жылы бай тұқымы деген желеумен ұсталып, тоғыз ай қамауда болады.
1941 жылы маусым айында майор шенінде 43-ші армияның құрамында соғысқа кіріседі. 1941 жылы 1149-атқыштар полкінің командирі болып тағайындалады. 1942 жылы полковник Сабыр Рақымов дивизия командирі болып тағайындалады. Сол жылы генерал-майор әскери атағын алған. Жоғарыда айтылған орденнен бөлек Ленин, 2-ші дәрежелі Кутузов және төрт мәрте «Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.
1943 жылы қазақтардың арасында алғаш болып «генерал-майор» атағын алды. Ол 1945 жылы наурызда Польшаны азат ету кезінде қайтыс болды.1965 жылы Сабыр Рақымовқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Бүгінде Шымкенттегі «Жас ұлан» республикалық мектебі қазақ халқының даңқты ұлының есімімен аталады.