Ленгір қаласында дзюдо күресінен жастар арасында Түркістан облысының біріншілігі өтті. Күрес бәсекесінде облыстың барлық аймағынан келген 100-ге тарта спортшы бақ сынап, 7 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтады. Заманауи талаптарға сай салынған спорт кешенінде талантты саңлақтар Түркістан облысының жүлдесін сарапқа салды.
Дзюдодан жастар арасында облыстың аға бапкері кезінде өзі де талантты балуан болып, еліміздің мерейін Халықаралық додаларда үстем еткен Мейіржан Қалтаев бұл сайыста болашағынан мол үміт күттіретін өрендер қатысқанын тілге тиек етті. Облыс чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы медальдар және дипломдармен марапатталды.
Жастар арасында жалауы желбірейтін ел чемпионаты Семей қаласында 6-10 наурыз аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Жеңіс үшін барын салған дарынды балуан Мақсат Махмадхашамұлы ел чемпионатында өңір намысын жоғары дәрежеде қорғауға ниетті. Облыс мақтанышы 100 келі салмақта сынға түсетін болады.
Түркістан облысы, Ленгер қаласында дзюдо күресінен 2003-2005 ж.т жастар арасында өткен Түркістан облысының чемпионатында 73 келі салмақ дәрежесінде күрескен Кентау қаласының Б.Саттарханов атындағы №1 БЖСМ-нің спортшысы Әбдіхан Диас қарсыластарынан басым келіп жарыстың жеңімпазы атанды.
Чемпион ағымдағы жылдың 06-10 наурызында Семей қаласында өтетін ҚР чемпионатына жолдама алды.
Жеңімпаз атанған спортшыны, жаттықтырушысы Қанат Арғымбаевты және № 1 БЖСМ ұжымын құттықтаймыз! Жеңісті күндер көп болып, Кентау спорты дамып өркендей берсін!
Еске салсақ, өткен жылы дзюдодан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты Ақтау қаласында болып өткен еді. Бұл додаға Түркістан облысынан 20-дан астам балуан қатысқан. Ерлер арасында 90 келі салмақ дәрежесінде Түркістан облысынан Айдар Арапов алтын медаль иеленген болатын. Ал 100 келідегі балуан Рауан Назымханов күміс жүлдегері атанған-ды. 81 келіде сынға түскен тағы бір жерлесіміз Бексұлтан Ашен қола жүлдені жеңіп алған болатын.