Түркияның Ыстамбул қаласында армрестлингтен «East vs West 6» турнирі өте жоғары дәрежеде өтті. Оған Қазақ елінің спортшылары да қатысты. Дүбірлі сында Түркістан облысының өрендері ел намысын абыроймен қорғады.
Алғашқы болып жарыс жолына шыққан Айдархан Нұрдаулет литвалық қарсыласымен тартысты өткен сайыста 3-0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, 75 келі салмақта кәсіпқой спортшылар арасында әлем чемпионы атанды. Турнирдің ең маңызды жекпе-жегі Қыдырғали Оңғарбаев және АҚШ спортшысы Майкл Тодд арасында өтті. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Қыдырғали 3-1 есебімен жеңіске жетіп, 105 келі салмақта чемпиондық атағын абыроймен қорғады.
Еске салсақ, қол күресінен Түркияда тамыз айында өткен East vs West турнирінде қазақстандық спортшылар жеңіс тұғырынан көрініп, мықтылықтарын дәлелдеді. Атап айтқанда, турнирге Түркістан өңірінен барған Сарыбай Ердаулет пен Қыдырғали Оңғарбаев жүлделі орал,ан-ды. Аталған сайыста қазақ елінің атынан алғашқы жекпе-жекке шыққан Сарыбай Ердаулет қарсыласы – Түркия өрені, әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Юсуф Илдызоглуны 3:0 есебімен жеңген еді. Ал, жарыстың ең басты сайысы – Қыдырғали Оңғарбаев мен Америка Құрама Штаттарының атақты спортшысы, әлемнің 26 дүркін чемпионы Джон Брзенк арасындағы жекпе-жек өте тартысты әрі қызықты өтті. Қазақстандық спортшы қарсыласын 3:1 есебімен жеңіп, еліміздің абыройын асқақтатқан болатын. Жүлдемен оралған спортшыларға Түркістан облысы гір спорты және армрестлинг федерациясының президенті Арман Карсыбаев пәтер кілттерін табыс етті.
«Шардара армспорт» спорт клубы 2000 жылы құрылды. Бүгінде Дүниежүзінің кәсіби спортшылар Шардараға келіп жаттығады. Айта өтсек, 2000 жылдан бастап біздің спортшылар үлкен нәтиже көрсетті. Қазіргі таңдағы көрсеткіш төмендегідей. Мысалы, соңғы статистика бойынша 48 спортшы Әлем чемпионы, 39 спортшымыз Әлем чемпионатының жүлдегері, 26 спортшы Әлем кубогының иегері, 144 спортшы Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, 154 спортшы Азия чемпионатының жүлдегері болды, 50 спортшы Азия кубогының иегері, 339 спортшы Қазақстан Республикасының чемпионы, 373 спортшы Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегерлері болып табылады. Ал 85 спортшы Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 62 спортшы ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына лайық болды. Біздің жетістікеріміз бұнымен шектелмейді. Қазіргі күні 113 спортшы ҚР спорт шебері, 501 шәкірт ҚР спорт шеберлігіне үміткер 2 жаттықтырушы Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, тағы 1 спортшы ҚР Еңбек сіңірген спорт шеберіне дайындалған. Жалпы армрестлинг Шардараның брендіне айналған соң қатысушылар саны күнне күнге артуда. Қазіргі таңда 800-ге тарта жасөспірім армрестлингпен айналысуда. Барлығы шардаралықтар. Оларға барынша жағдай жасау мақсатында арнайы тегін автобус жүреді.