Салауатты өмір салтын берік ұстану қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінгі қоғам қажетсініп отырған білімі мен білігі, күш-қуаты жан-жақты жетілген елжанды азаматтардың қатарын молайтуда спорт саласының да алар орны айрықша.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген болатын.
Ауданымызда 3 спорт ұжымы (№1, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, Ә.Қамбаров атындағы спорт кешені), 1 Отырар спорт клубы жұмыс істейтін болса, аталған спорт мекемелерінде спорттың 18 түрі бойынша 103 жаттықтырушы 2746 баламен тұрақты жұмыс жасауда.
Жалпы аудан көлемінде 172 спорт ғимараттары жұмыс жасайды. Оның ішінде, 3 спорт кешені, 4 атқыштар тирі, 42 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 119 (3 спорттық ядролар, 34 спорт алаңдары, 80 алаңшалар, 1 теннис корты, 3 футбол манежі) халық иглігіне қызмет атқаруда.
Өткен 2022 жылы Қоғам ауыл округіне қарасты Мыңшұқыр елді мекенінен, Шәуілдір ауылынан ашық спорт алаңшалары мен балалар ойын алаңшалары салынды. Жеке кәсіпкер есебінен М.Шойманов елді мекенінен жабық футбол манежі салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Қоғам ауылында ауыл азаматтарының демеушілігімен күрес залынының құрылысы жүргізілуде.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2022 жылы аудан аумағында аудан тұрғындары, түрлі сала қызметкерлері, ардагерлер, мешіт жамағаттары мен имамдары, пробация бөлімшесінің есебінде тұрған азаматтар, ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасында 165 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде, 148 аудандық, 12 облыстық, 5 республикалық, деңгейдегі бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 21 855 адам қамтылды.
«Балалар жылы мен ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылына» орай волейболдан Жақсыбек Асылбекті еске алуға арналған 2007-2008 ж.т. ұлдар арасындағы Түркістан облысының чемпионаты, сондай-ақ, «2022 жыл — балалар жылына» байланысты Дзю-до, самбо күресінен КСРО-ның спорт шебері, қазақ күресінен Қазақ ССР-ның спорт шебері Оразәлі Мәмбетәлиевті еске алуға арналған дзю-до күресінен 2007-2008 ж.т жасөспірімдер арасында республикалық турнир, аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 35 жыл толуына орай 63 жастан асқан ардагерлер арасында спорттың дойбы, шахмат және бильярд түрлерінен аудан біріншілігі, Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Темірбек Ибрагимовты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан ХІ облыстық ашық турнирі, 2022 жылдың мамыр-желтоқсан айларының аралығында аудан әкімінің жүлдесі үшін ересектер арасында кіші футболдан Отырар лигасы өткізілді.
Жыл қортындысы бойынша облыстық спартакиаданың және аудан әкімінің жүлдесіне арналған кіші футболдан Отырар ауданы біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
2022 жылы ауданда дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 20100 адамға жетіп, бұл ауданымыздағы жалпы халықтың 39,0 %-ын (тұрғындардың жалпы саны 51 561) құрап отыр.
Халықтың дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануын арттыру мақсатында 2022 жылы «Отырар спорт клубы» ашылды. Мекемеде жалпы саны 24 штаттық бірліктері жұмыс әдіскер, спорт нұсқаушы және жаттықтырушылар функционалдық міндеттеріне сәйкес жұмыс істеуде. Отырар спорт клубының 2022 жылғы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес аудан аумағында 29 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 4212 аудан тұрғындары қатысты.
Енді спорт саласындағы жетістіктер жөнінде сөз қозғар болсақ өткен 2022 жылы аудан спортшылары спорттың 10 түрі бойынша Әлем және Азия чемпионаттарына, Қазақстан Республикасының, Түркістан облысының чемпионаттары мен ашық біріншіліктеріне қатысып, 92 алтын, 94 күміс, 152 қола медальдарды жеңіп алды. Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі 2 спорт шебері, Спорт шеберлігіне 7 үміткер тіркелді.
Астана қаласында 17, 19, 21 жастағы спортшылар арасында өткізілген тоғызқұмалақтың классика, рапид блиц түрлерінен 2022 жылғы Қазақстан Республикасының чемпионатында ұлдар арасында Дастан Әбдіханұлы рапид бойынша (17 жас) ІІІ орын иеленсе, қыздар арасындағы сайыста 19 жастағы Аружан Салман блиц бойынша ІІІ орын иеленді.
Шымкент қаласында қазақ күресінен 2007-2008 ж.т жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 42 кг салмақ дәрежесінде Саят Балғабай, ауыл жасөспірімдері арасында Талдықорған қаласында дзю-до күресінен өткен дүбірлі додада Бексұлтан Тұрысбек 38 кг салмақ дәрежесінде ел чемпионы атанды.
Белбеу күресінен Өзбекстан мемлекетінің Наманган қаласында өткен әлем чемпионатында 58 кг салмақ дәрежесінде Тұрмаханбет Қалмұхан әлем чемпионы атанса, +100кг салмақ дәрежесінде Бектұрсынов Жолдасбек қола жүлдеге қол жеткізді. Румыния мемлекетінің Констанца қаласында өткен әлем кубогында Аружан Салман тоғызқұмалақтың рапид түрінен әлем кубогының жеңімпазы атанды.
Ордабасы ауданында қазақ күресінен ересектер арасында өткен Түркістан облысының IV спартакиадасында отырарлық балуандар командалық есепте I орынды иеленді.
Астана қаласында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында 70-74 кг салмақта Қожамбеков Жұмажан ересектер мен жастар арасында әлемнің екі дүркін чемпионы атанды. Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен жыл үздіктерін марапаттау жиынында «Жылдың үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» номинациясын Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі иеленді. Сонымен қатар, спорттың 11 түрі бойынша жыл басынан бері ұйымдастырылған сайыстарда отырарлық ересектер 153 ұпаймен Түркістан облысының ІV Спартакиадасында командалық есепте 2 орын иеленді.