Қоян жылын қарлы боранмен бастаған Жетісай ауданында ішкі жолдар мен ауданішілік жолдарды шамадан артық жауған қардан тазарту, автокөліктер мен тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруларына қолайлы жағдай жасау, су басу қауіпінің алдын алу мақсатында жиналған қарларды егістік алқаптарға шығару жұмыстары аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер, елжанды азаматтар тарапынан әлі де қарқынды жүргізілуде.
Тосыннан болған табиғи құбылысқа байланысты сала мамандарынан алақан жайып, көмек күтпей ауыл азаматтарының жол жүру қауіпсіздігін ойлаған жетісайлық Қаныбеков Олжас Болатұлы да үлкен азаматтық жасады.
Жас та болса ұйымдастырушылық қабілетін танытып, өз есебінен Ж.Ералиев, Қызылқұм, Абай және Ынтымақ ауылдық округтерінің елді мекендерін байланыстыратын үлкен автомобиль жолдар мен елді мекендерге кіретін көпірлерге, тұрғындар жиі жүретін әлеуметтік нысандарға барар ішкі жолдарға 8 камаз тұз аралас құм төседі. Көпбалалы аналардың алғысын, ақсақалдардың батасын алды.
«Ел басына күн туғанда тасада тығылып, қол қусырып отырғанымыз азаматтығымызға сын. Сондықтан, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен, жергілікті округ әкімдерімен ақылдаса келе осылай жасауды ұйғардық. Бұл ісіміз – атақ қуу емес, керісінше, өзіміздей азаматтарды елдің игілігі үшін жасалатын жұмысқа жұмылдыру» дейді Олжастың өзі.
Еске салайық, Мақтаарал ауданында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері жұмысшылардың ерен еңбегін ескеріп, қар тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшыларға шәй, кофе, бәліш, құймақ, самса және тәттілер үлестірген еді. Сондай-ақ, бейнеттері үшін алғыс айтып, қар күреу жұмыстарына көмек көрсеткен болатын. Мұндай қайырымды істер облыс көлемінде жалғасын табуда.