Бүгін облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында Түркістан қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларымен кездесу өтті. Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалып алынған Төлен Әбдіктің шығармаларын оқушыларға кеңінен насихаттау мақсатында өткен жиында танымдық дүниелер ұйымдастырылды. Кездесу барысында оқушыларға үгіт-насихат жүргізіліп, автордың шығармалары жинақталған кітаптар таратылды. Кітап желісі бойынша арнайы сайыста ең үздік мектеп оқушылары анықталды.
Кез келген ұлттың, халықтың тағдыры, басынан өткерген тарихи кезеңдері ең алдымен сол халықтың әдебиетінде із тастайтыны ақиқат. Қазіргі таңда қазақ әдебиетінің әрқилы кезеңдерінде рухани дамуымызға, мәдени өркениетке, әсіресе ұлттық жан дүниемізге өз шығармаларымен айтулы үлес қосқан қаламгерлеріміздің бірі – Төлен Әбдік.
Жазушының шығармалары адам мінезінің құпия сырларына үңілуімен, өмірдің мән-мағынасына философиялық тұрғыда қарауымен, өмірдің қайшылықты құбылыстарының күрделі шындығын ашумен ерекшеленеді. Төлен Әбдік шығармашылығының негізгі өзегі – пенде мұңы. Жеңіл-желпі желұшық мұң емес, артында қара тастай қасірет жатқан көштей күңіренте-сыңсытып өз жүрегінен өткізген жалқының мұңы.
Қазақ прозасында өзінің ерекше қолтаңбасы бар жазушы Төлен Әбдікұлы 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Әл Фараби атындағы ҚАЗҰУ-ды бітірген. Талай жауапты қызметті атқарған қаламгердің шығармалары 1964 жылдан жариялана бастады. Атап айтсақ, «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақ» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1979) әңгіме, повестер жинақтарын, «Өліара» (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987), «Парасат майданы» (2002) романдарын жарияланды. Әңгіме, повестері орыс тілінде «Истина» (1980, 1981) деген атпен шықты. Грек аңыздары – «Эллада ерлерін» (1977) қазақ тіліне аударған. Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарының лауреаты (2003). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Айта кетейік, аталмыш «Бір ел – бір кітап» акциясы Түркістан қаласы бойынша әлі де бірнеше мектепте жалғасын табатын болады.