Бүгін облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмақұловтың 65 жылдық мерейтойына орай «Суретпен салынған өмірім» атты кездесу өтті. Аталмыш кеш барысында қалалық қолөнер мектебінің оқушыларына шеберлік сабағын өтіп, болашаққа бағдар болатын ақыл-кеңесін айтты .Кейіпкерді көрермендерге кеңінен таныту мақсатында, Қалтөре Дүсембайұлының өмірі мен еңбек жолы туралы бейнеролик көрсетілді. Іс-шараны Түркістан облыстық Фараб әмбебап ғылыми кітапханасының директор орынбасары Жанар Жақсылыққызы ашып, мерейтой иесіне кітапхана атынан арнайы сый табыстады.
Кездесуге келген көрермендер мерейтой иесіне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Шара соңында Қалтөре Дүсембайұлы жас суретшілерге кітапхана директорының алғыс хатын табыстап, естелік суретке түсті.
Айта кетсек, белгілі суретші 1980 – 1982 жылдарда Жетісай қаласында Қ.Жандарбеков атындағы сазды драма театрында суретші-бутафор болып қызмет етті. 1982 жылы Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына қоюшы-суретші қызметіне ауыстырылды. 1984 жылдан бері осы театрда бас суретші қызметін атқарып келеді. 1984 жылдан Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі. Осы жылдар аралығында 200-ден астам қойылымдардың сахналық тұлғалық шешімдерін жасады, арасында шет ел классиктерінің де шығармалары бар. Сонымен қатар Түркістан сазды драматеатрында, опера және балет театрында, орыс драма және сатира және сықақ театрларында да шығармашылық байланыс орнатып жұмыстар атқарып келеді. Еңбектері еленіп облыс әкімінің, облыс мәслихатының, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің алғыс хаттарымен, Құрмет Грамоталарымен бірнеше дүркін марапатталған.
1998 жылы – бауырлас Өзбекстан Республикасының Әндіжан қаласында Халықаралық «Наурыз театр фестивалінде» сценография бойынша «Ең үздік суретші», 2000 жылы «Жыл адамы» номинациясы бойынша «Ең үздік суретші» атанды. 2000 жылы Қазақстан Республикасы «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталды. 2005 жылдан бері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Режиссура және актерлық өнер» кафедрасында аға оқытушы санатында ұстаздық қызмет етіп шәкірттер дайындауда. Осы жылдар аралығында 2 оқу құралы, электронды оқу құралы мен бірнеше әдістемелік нұсқаулықтар шығарған. 2006 жылы Қырғызстан республикасының астанасы Бішкек қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінде «Ең Үздік сценография» дипломына ие болды. Халықаралық, республикалық, облыстық мәдени іс-шаралардың сахналық безендірілуіне белсенділікпен ат салысады.
Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығымен театр өнеріндегі айрықша шығармашылық табыстары үшін дәріптелді. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 20 маусымдағы Жарлығы бойынша «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.