Отырар аудандық ардагерлер кеңесінің VІ пленум отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары А.Құлмаханов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов және кеңес мүшелері қатысты.
Арыс ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Партаевты және Б.Арзықұлды пленум мүшелігіне қабылдау жөнінде ұсыныс енгізіліп, пленум мүшелері бірауыздан қолдап қуаттады.
Мұнан соң пленум отырысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаевты өзінің өтінішіне сәйкес атқарып отырған төрағалық қызметінен босатып, оның орнына жаңа төрағаны сайлау туралы мәселе қаралып, күн тәртібіне енгізілді. Аудандық кеңестің төрағасы М.Өксікбаев өз еркімен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы қызметінен босатуды сұрап өтініш жазған. Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов түсініктеме жасап өтінішті қанағаттандыруды ұсынды. Төралқа мүшелері Т.Мінайдаров, Б.Алтыбеков, А.Төрехандар сөз сөйлеп, бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Өз кезегінде он жыл бойы киелі ауданымыздың ынтымақ-бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етіп, халықты татулыққа, бірлікке шақырып аймақтың дамуына қосқан үлесі үшін Мырзабай Өксікбаев «Түркістан облысының құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов аудандағы төрт мыңға жуық ардагерлердің көшін бастап елдің тыныштығын, бірлігін насихаттауда ауқымды жұмыстардың бас-қасында болып, жастарға ақыл-кеңестерін айтып, елді жақсылыққа үгіттей білген ардагерге шынайы ризашылығын айтып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хатын табыстап, иығына зерлі шапан жапты.
Пленумда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің бекіткен жаңа ережесіне сәйкес аудандық кеңес төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшыларының кандидатуралары облыстық ардагерлер кеңесінің бекіткен комиссиясында қаралып ұсынылуы тиіс екендігін айтып, төрағалыққа Бектібай Арзықұлдың кандидатурасын ұсынды.
Жиында ардагерлер О.Тоқбергенов, А.Әмірбек, Е.Диханбайлар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына Құттыбек Нұрқұлды балама ретінде түсуді ұсынып, ашық дауыс беру арқылы кандидатты анықтау туралы өтініштерін жеткізді. Төраға пленум мүшелерінің өтінішін қабылдап, ашық дауыс беру нәтижесінде басым дауыспен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Арзықұл Бектібай Жақсыбайұлы сайланды.
Арзықұл Бектібай (Бекіш) Жақсыбайұлы 1955 жылы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Қаржы саласында ұзақ жылдар еселі еңбек етіп, Талапты совхозында, Балтакөл совхоздарында бас есепші, Отырар ауданы әкімшілігінің экономика бөлімінде бас маман, ауданы әкімшілігінің экономика бөлімінің бастығы, Кіші несие бөлімінің директоры, 2010-2011 жылдары Отырар аудандық білім бөлімі орталықтандырылған есеп бөлімінің бас есепшінің орынбасары, «Отырар ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік 2020 бағдарламалар бөлімі» жұмыспен қамту орталығының директоры секілді жауапты қызметтерді атқарған. 2012 жылдан зейнеткерлік жасқа дейін Отырар аудандық білім бөлімі орталықтандырылған есеп бөлімінде бас есепшінің орынбасары болып еңбек еткен. Зейнет жасына шыққан соң да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, Түркістан облысы бойынша ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясының төрағасы болып жұмыс істеп келеді.
Дана халқымызда «жақсы адам қартайса, көкірегі толы хат болар» деген сөз тегін айтылмаса керек. Иә, расында да халық қариясына қарап бой түзейді. Ақсақалына қарап елі өседі, көргендерін бойына түйіп өседі. Жиын соңында аудандық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасына ұйымның жұмысын одан әрі жандандыру, жергілікті билікпен кеңесе отырып халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы істерді ілгерілету секілді жұмыстар жүктеліп, сенім артылды. Алдағы ел үшін атқарар қызметіне сәттілік тіледі.