Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов Тұрбат ауыл округі, Өндіріс елді мекеніне арнайы барып, Ұлы Отан соғысының ардагері Әкімбай Жұмабаев ақсақалды 100 жасқа толып отырған мерейлі қуанышымен құттықтады. 6 перзенттен 21 немере, 3 шөбере өсіріп отырған ұлағатты отбасы иесі Әкімбай ақсақалға арнайы сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті. Жүз жасаған абыз атамыздың өмір жолы жастарға өнеге екенін тілге тиек етіп, деніне саулық, отбасына амандық, қажымас қайрат тіледі.
Сондай-ақ, аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы іссапар барысында Тұрбат ауыл округінде орналасқан «Ысмайл ата» мешітіне кіріп, зиярат етіп, бабалар рухына құран бағыштады. Халқымызда «Үлкенге — құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бар. Бұның өзі өсіп келе жатқан әрбір жас ұрпақты имандылыққа, мейірім — қайырымдылыққа тәрбиелеу. Адам бойында жақсы – жаман қасиеттер болады екен. Біздің халқымызда үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға бала кезден көп көңіл бөлінеді. Ол ананың сүтінен, үлкеннің ақылынан, ұстаздың үйреткенінен, кез келген адамның кісілігінен білінеді. Мұндай шаралар көпті көрген данагөй қарттарымыздың, сан салалы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздарымыздың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін бойларына сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұлттық құндылықты бойына сіңіре білген ұрпақ тәрбиелеу мақсатында іске асуда,-дейді мамандар.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 5301 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады.Оның ішінде 22 соғыс ардагері мен соғыс мүгедегі ұрпаққа өнеге беріп жүр. Биыл оларға 1 млн теңгеден қаржылай көмек берілді.Облыста Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер саны 154 болса, 5 мыңнан астам тыл еңбеккері бар.
«Қарттарым-қазынам» — деген мақал-мәтелдер тегін айтылмаған. Сондықтан үлкендерді әсіресе ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелерімізді құрметтеу, сыйлау әрбір баланың міндеті. Ата-әжелеріміз, ата-аналарымыз бар, біздер бақыттымыз. Бүгінгідей тәуелсіз егемен елде қайғы — қасіретсіз, еркін, бейбіт өмір сүріп жатқанымыздың өзі осы қарияларымыздың арқасы екенін ұмытпауымыз керек. Үнемі алғысымызды айтып жүруіміз қажет. Ата — әжелеріміз кезінде өздерінің қалаған мамандықтары бойынша еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосқан құрметті еңбек ардагерлері. Адам өміріндегі ең игі істердің бірі үлкен кісілерге қамқорлық, мейірімділік, сүйіспеншілік пен құрмет, сыйластық таныта білу екендігін тағы да бір ұғынғандай болдық.