Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округі Абай ауылының белсенді азаматтарының ұйымдастыруымен және аудандық жастар орталығының қолдауымен ауыл жастары арасында дүбірлі көкпар жарысы өтті.
Жігіттердің батылдығы мен ептілігі, күш-жігері мен төзімділігі сынға түсетін көкпар ойыны атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Ықылым заманнан бері қанымызға сіңген қасиетімізді дәріптеу мақсатында Абай ауылының тумалары Қойгелдиев Нұржан, Сейдиев Досбол, Әлімбетов Жанпейіс, Дүйсенов Асан, Арзықұлов Фархат және бір топ ауыл азаматтарының мұрындық болуымен өткен додаға көрші ауылдар мен аудан көлемінде басқа да ауылдардан жас шабандоздар қатысты.
«Көкпар – жаужүрек бабаларымыздан қалған асыл мұраларымыздың бірі, ұлттық құндылығымыз. Сондықтан, ұлттық спорттың дамуы — рухани байлығымыздың дамығаны деп білеміз. Бүгінгі күні аудан аумағында ұлттық спорт әлеуеті даму үстінде, оған дәлел бүгінгі ауыл жастары арасындағы — көкпар жарысы» — деді, ұйымдастырушылар.
Көкпардың өтуіне ауданның, облыстың халық қалаулылары да үлес қосты. «Ат – ердің қанаты» демекші, көкпар десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. Жас шабандоздардың көкпар тартысқанын тамашалау үшін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін шаршы алаңға жиналды.
Ойынның басында Қуантай, Өскенбай және бірнеше ауыл ақсақалдары баталарын беріп, додаға түсуші жас шабандоздарға сәттілік тіледі. Әлемдік деңгейде мойындалған қазақтың көкпар ойынына жиналған елдің де қарасы қалың болды. Көнекөз қариялар ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жастар арасында достық пен бірлікті нығайту мақсатында көкпар ойынының шығу және даму тарихы жайында жастарға ғибратты әңгімелерін айтты. Көкпар соңында салым салған шабандоздармен қатар ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды.