Астана қаласында қазақ күресінен ересектер мен жастар арасында өткен дүбірлі додада 70-74 кг салмақта Отырарлық спортшы Жұмажан Қожанбеков бақ сынасты. Балуан сайыста топ жарып, әлем чемпионы атанған еді.
Елорда төрінде жеңіске жетіп, көк туымызды желбіреткен Жұмажан Қожанбековты Отырар ауданының белсенді жастары мен спортшылары шырайлы Шымкент қаласының әуежайынан қошеметпен күтіп алып, спортшыға ыстық ықыласты лебіздерін білдіріп, астына сәйгүлік мінгізді. Мұнан соң салтанатты шара Аудандық мәдениет сарайда жалғасын тапты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов, Шымкент қалалық күрес федерациясының президенті Балтабай Тасболатұлы мен ел ағасы Нұрлыбек Балғабаевтар ашып, әлем чемпионына құттықтау тілектерін жеткізіп, алдағы уақытта да ел мерейін асақтата беретініне сенім білдірді. Өзінің мықтылығын дәлелдеген балуанға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаев, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Төреәділ Тұрабаев және ардагер Мырзахмет Темірбековтер де барлық отырарлықтардың атынан алғыс айтып, шын жүректен жеңісімен құттықтады. Жеңімпаздың құрметіне орай шашу шашылып, ел ағасы Нұрлыбек Балғабаев ел мерейін асқақтатқан Жұмажанға аудан тұрғындары сыйлаған су жаңа пәтердің кілтін сыйға тартты.
Сондай-ақ жиында Жұмажанның жаттықтырушысы Ұлықбек Уайдаұлы аудан басшылығына және өздерін қарсы алуға келген барша азаматтарға алғысын білдірді. Шара соңында ауданымыздағы күрес спортының дамуына үлесін қосып жүрген болашақ чемпиондар бүгінгі күннің чемпионы Жұмажан Қожанбековпен бірге естелік суретке түсті.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Осы тұста ауданда спортты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыс қатары көп екенін айта кеткен жөн.




