Түркістан төріндегі «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай жарық көрген «Алаш рухты азамат» атты естеліктер жинағының тұсаукесері өтті.
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің 35 жылдығына орай және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының «Тіл шеруі» аясында ұрпақтар арасындағы сабақтастықты қалыптастыру мақсатында өткен «Тарихтан аманат – ұрпаққа ұлағат» атты шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан облысының құрметті азаматы Исмат Тұрсынқұлұлы, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Бекет Тұрғараев, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, экология саласының үздігі Жеңісбек Тұрғанов, еңбек ардагері Сексенбай Тұрысбеков, «Қызмет» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бейсенкүл Нарымбетова, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Өркен Балажанов, облыста еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер, Академияның және оның өңірлердегі Филиалдарының профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері және «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша тәлім алып жүрген студенттер қатысты. Сондай-ақ Zoom платформасы арқылы елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып жатқан білімгерлер де шараны тамашалады.
Шара барысында Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына орай арнайы дайындалған «Алаштың Асанбайы» бейнефильмі көрсетілді. Қатысушы спикерлер қоғам қайраткері жайында, сонымен қатар мемлекеттік басқару туралы сөз сөйлеп, пікірлерін ортаға салды. Содан соң аталмыш кітаптың тұсауы кесіліп, ардагерлерге үлестірілді. Бұл кітапта Жеңіс Мәуленқұловтың «Алыптар аласармайды» естелігі, Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» драмасы секілді 20-ға жуық автордың еңбектері еніп отыр. Жобаға жетекшілік еткен – Жеңісбек Мәуленқұлов, кітаптың бас редактор-құрастырушысы – Бейсенкүл Нарымбетова.
Қазақ тарихында Алаш арыстарының жолы үзілген емес. Тіпті кеңестік дәуірдің өзінде елді басқарған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтан бастап, Жұмабек Ташенов, Өзбекәлі Жәнібеков сынды республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған алаш рухты азаматтардың басқару менеджменті болды. Осы аталған тұлғалармен үзеңгілес еңбек еткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың мағыналы өмірі, адал жолы, басшылық жасаудағы қалыптастырған мектебі бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені анық.