Ағымдағы жылдың 21-қарашасында сағат 15:00-де Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен “Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы” МКҚК-ның ұйымдастыруымен ақын, сазгер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Леубаеваның «Сен маған сүюді үйреттің» атты шығармашылық кеші өтті.
Түркістан сарайында өткен кеште Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан арнайы сөз сөйлеп, кеш кейіпкеріне ізгі тілегін жеткізді. Елімізге танымал әншілер З.Көпбосынұлы, Ж.Байырбекова, Самат пен Назгүл, Д.Пернебек, Д.Ақылбек, Б.Сәкенұлы, Қ.Бұхарбаев, Б.Өскенбеков, Қ.Рахым, М.Тәукеев, Б.Мұстафаев, Дінмұхаммед пен Дана, А.Ниязқұлов, А.Жандаулетов, Н.Қалжан, І.Кеңесов және А.Пірімжан Ақмарал Леубаеваның сөзіне жазылған танымал әндерді шырқап, күллі көрерменнің көңілінен шықты.
Ақмарал ақынның сіңлісі, қазақ айтысының үлгісі Карима Оралова, құрметтеген ел іші, Шым шаһардың серісі Есенқұлов Нұрлан, асау дүр аттай Біржан ақын Байтуов, мөлдір бұлақтай Мөлдір Айтбай, айтыстың Қажымұханы Қажымұхан Абзалов, сұлу сөздің сарасы Лаура Тастанбек қолдарына домбыра алып, арнауларын, тілектерін айтты.
Айтыстың аққуы атанған Ақмарал Леубаева «Кешірім» және «Ей, бұрынғы ғашықтар» әнін орындады. Шығармашылық кеш соңында айтыскер ақындар «Ақ апа» әнін орындап, Леубаеваның лебізін арқалады.
Ақмарал әпкеміздің шығармашылығына толағай табыстар тілейміз! Айтар әніңіз, жазар туындыларыңыз таусылмасын, АЙТЫСТЫҢ АҚҚУЫ!
Сонымен қатар Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен “Шымкент қалалық мәдениет үйі” концерттік ұйымы” МКҚК ұйымдастыруымен Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Халықаралық Абай атындағы күміс орден иегері, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясының ұстазы Ұлбосын Тәжібайқызының «Әнші-актриса Ұлбосын Бенефисің оң болсын» атты шығармашылық кеші өтті.
ҚР «Мәдениет қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шымкент қалалық опера және балет театрының жетекші солисі Үрәлхан Сейілбекова «Бақыт вальсі» әнін орындаса, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Құрманбай Шойынбаев Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» және орыстың халық әні «Ах ты дучешка» әндерін шырқады.