Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы “Bilim Media Group” ЖШС директоры Рауан Кенжеханұлы мен «Helios soft» (FavorIT) ЖШС басшысы Серік Батырханұлымен кездесті. Жиынға басқарма мамандары да қатысты. Бас қосуда «Bilim Land»-тың ұстаздар мен оқушылар үшін функционалдық мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Бұл жоба ,тіпті, ата-аналар үшін де қолайлы болмақ. Қосымша арқылы әрбір ата-ана баласының оқу үлгерімін онлайн көре алады.
«Bilim Land»-те 37 пән бойынша 25 мыңға жуық сабақтар мен 3 мыңнан аса интерактивті сабақтар, мыңнан аса ғылыми фильмдер және 70 мыңнан аса ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларынан тұратын білім беру ресурстары бар.
Цифрлық білім беру платформасы 100% тегін қосылмақ. Жаңа жүйе жұмысын мемлекеттік- жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырады. Ол арқылы мұғалімдер мен оқушылардың рейтингін көруге болады.
Сондай-ақ, кездесуде білім мекемелеріне енгізілетін бухгалтерия бағдарламасының да қолайлы мүмкіндік тетіктері көрсетілді. Жаңа жүйені енгізудегі мақсат – көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету. Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды.
Пилоттық жоба Астана қаласы мен Павлодар облысында енгізілген.Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының мәлімдеуінше, орта білім беру ұйымдарының білім сапасын арттыру мақсатында толыққанды оқу процесіне қажетті барлық функциялардың жиынтығы бар бірыңғай интеграцияланған «Bilim Land» білім беру онлайн платформасымен «Әлеуетті мемлекеттік жекешелік әріптестікті іске асыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы Меморандум» түзілді. Меморандум аясында облыстағы орта білім беру ұйымдары «BilimLand» білім беру платформасына 100% тегін қосылып, барлық білім беру ресурстары енгізілуде.
Пән кабинетін жабдықтауға күш салынды. 57 сынып физика, химия, биология, STEAM 6 білім беру жүйесі енгізіліп, жасақталады. 2022-2023 оқу жылына қажетті оқулықтар сатып алуға облыстық бюджеттен 5 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның ішінде 378 млн.теңгеге көркем әдебиет сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар мектеп кітапханаларының базасын есепке алу, мектептер арасындағы кітап алмасу, электронды түрде сұраныс беру жүйесі бойынша «Е-Кітапхана» платформасы енгізілді.
Өңірдегі 52 техникалық және кәсіптік орта білім ошақтарындағы 26 мыңға жуық студент білім алады. Колледждер желісін бейіндендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта «Kasipkor» жобасы аясында құрылыс және IT салалары бойынша 2 (екі) колледжі ашу, колледждердің қаржылық дербестігін қамтамасыз ету мақсатында кезең-кезеңімен мемлекеттік колледждердің ұйымдық-құқықтық нысанын ауыстыру және «Жас маман» жобасын іске асыратын 9 колледж базасында құзыреттілік орталықтары мен WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес жаттығу лагерьлерін ашу жоспарланып отыр.Облыстағы 28 колледж 314 кәсіпорынмен бірлесе 5122 студентті дуальды оқытумен қамтуда.Түркістан облысында орналасқан 1400-ден астам мектепке дейінгі ұйымдарының мемлекеттік тапсырыс беруі «Balabagsha.snation.kz» жүйесіне тіркелу арқылы іске асырылуда. 1-6 жастағы 155 мыңнан астам бала балабақшаға барады. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші көрсеткіші 98,9 % құрайды.