Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын өткізуде. Айта кету керек, бұл акция республика бойынша өтуде.
Мақсаты- мекеме қызметкерлері ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту қыз-келіншектердің құқықтық сауаттылығын арттыру.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсететін орталыққа жыл басынан 594 азаматша жүгініп, оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген. Атап айтсақ, мамандардың жан-жақты жұмыс жүргізуінің нәтижесінде, өз өтініштерінің негізінде 59-ана орталықтан шықса, оның 48- күйеуімен татуласып, қайта қосылған. Сондай-ақ 18 ана атаулы әлеуметтік көмек алса, 9-ы тұрақты жұмысқа орналасқан және 16 бүлдіршін балабақшаға баруда.
Ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсан аралығында құзырлы орган өкілдерімен бірлесе елді-мекендерде, халық жиі шоғырланатын орындарда кездесулер ұйымдастырмақ. Яғни, зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіп, тұрмыстық, психологиялық, құқықтық, медициналық көмек көрсетуді жоспарлауда.
№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы азаматтарды акцияға белсенді түрде атсалысуға шақырады. Егер сіз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың фактілерін байқасаңыз немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болсаңыз төменде көрсетілген сенім телефондарына хабарласуыңызға болады.
Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – қазіргі таңдағы ең жойқын адам құқығы бұзылуының бірі. Зорлыққа жол бермеуіміз керек. Бұл денсаулық пен өмірге қауіпті мәселе гендерлік теңсіздік, билікті теріс мақсатта пайдалану және жағымсыз нормалардан бастау алады. Зорлық-зомбылық әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына кедергі келтіреді. Гендерлік зорлық-зомбылық отбасылар мен қоғамдастық арасындағы байланысты әлсіретіп, елдердің әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамуға қол жеткізуіне жол бермейді.Гендерлік зорлық-зомбылық жайттары экономикалық дағдарыс, конфликт немесе эпидемия сияқты кез келген төтенше жағдай кезінде өседі. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш COVID-19 пандемиясы кезінде үйдегі зорлық-зомбылық туралы хабарламалар санының күрт өскенін атап өтті. Гутерриш мырза әлем елдерін әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты қатаң шараларды қолға алуға шақырды.