Елімізде география пәні мұғалімдері мен оқушыларға арналған «Ғылымға қызығушылықты арттыру» жобасы Түркістан облысы Созақ ауданы мектептерінде жалғасын тапты. Бұл жолы арнаулы семинарлар ауыл мектептерінің оқушыларына арналды. Оларға әлемдік деңгейдегі ғылыми-танымдық материалдарды, соның ішінде 134 жылдық тарихы бар, география, жаратылыстану ғылымдарынан бастап, ғарышты игеруге дейінгі салаларда көпжылдық халықаралық ғылыми-зерттеулер мен фото-бейне деректердің бай қорын қалыптастырған NATIONAL GEOGRAPHIC журналының ресурстарын мектеп ішілік, тақырыптық ғылыми жобаларға пайдалану әдістері таныстырылды.
Оқушылардың ғылымға, зерттеу жұмыстарына деген қызығушылықтары мен ынта-ықыласын оятатын қызықты деректер мен айғақтардан мысалдар келтіріліп, ғылыми жоба әзірлеу әдістері көрсетілді. Семинар өткізген тренерлер қоршаған ортаны қорғау және әлемнің пластик материалдармен ластануына қатысты соңғы зерттеулердің көрнекі нәтижелерімен бөлісті.
Сондай-ақ осы іс-шара қорытындысы бойынша оқушылар арасында ұйымдастырылған ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсімі өтті.
Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Бүгін қандай бала тәрбиелесек, ертеңгі өміріміз сондай болмақ. Дана халқымыз айтты емес пе «еңбегіне қарай өнбегі», — деп. Қазір дарынды жастар өте көп, кейде қарап, куанасың, кейде қайғырасың. Солардың кейбіреулері өз білгенін дұрыс қолдана алмай, немесе арнасынан ауысып кеткен сықылды көрінеді. Осындай жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруге осы әдіс-тәсілдердің тигізер көмегі мол болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, осындай сабақтың қай-қайсысында болмасын, оқушы өзін еркін сезінеді. Ойын жасырып қалмай, ортаға салып, құлашын кең жаюға мүмкіндік алады. Өз бетінше ізденеді. Ал ізденімпаз, шығармашыл, ойшыл жастардан болашақ үлкен үміт күтіп отыр. Олар мүмкін, ғылымның жаңа бір саласын ойлап табар, немесе зерттелмей жатқан жұмыстарды соңына жеткізіп, оңды шешімін табар, сондықтан, сабақ барысында шәкірттеріңді ізденімпаздыққа тәрбиелеп отыру қажет.
Еске сала кетейік, бұл жоба «КАТКО» бірлескен компаниясының қолдауымен іске асырылып жатыр.
емлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқуға құштар мектеп» бастамасын қолдау аясында қолға алынған жобаның негізгі мақсаты – әлемдік деңгейдегі сапалы ғылыми контенттердің қазақ тіліндегі қолжетімділігін кеңейту, қоғамда ғылымға деген қызығушылықты, ынта-ықыласты арттыру.