Қазақ зағиптар қоғамдық бірлестігінің 85 жылдығына және «Зағиптар» күніне орай, Қазығұрт ауданы орталығында «Раян» оңалту орталығы мен «Қазақ соқырлар қоғамы» бірлестігінің бірлесе ұйымдастыруымен «Өмір маған қымбатсың» атты облыстық іс-шара өтті.
Зағип жандар арасында спорттың дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ түрлерінен өткен облыстық жарысқа тоғызқұмалақ спорт түрінен Сауран аудандық зағиптар қоғамының өкілі Гүлбану Исабекова қатысып, жүлделі 3-орыннан көрінді. Гүлбану Ибадуллақызы ұлттық спортымыз тоғызқұмалақты жас кезінен ойнап, көптеген жарыстарда жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді.
Мүмкіндігі шектеулі болғанымен, қоғамда өз орнын табуда ерік-жігері жоғары, хәл-қадірінше еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген зағип жандар аз емес. Дегенмен, соқырлар қоғамының алдында тұрған үлкен мәселенің бірін айтпай кетуге тағы болмас. Ол – зағип жандар арасынан қоғамның жұмысын жандандыра түсетін жас мамандардың тапшылығы. Десек те, жақсы жаңалықтар да жоқ емес. Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Алтынай Айтекеева болашақта арнайы орталық ашып, онда мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени, спорттық тынығуына мол жағдай жасауға болатынын айтып қуантып отыр, – дейді ұйымдастырушылар.
«Спорт – біздің серігіміз». Осындай ұранмен Жетісай қаласында да мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттың дартс таяқшаларын лақтыру дойбы, қол күресі сынды түрлерінен аудандық спартакиада болып өткен еді. Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен спорттық шараға Жетісай ауданының «Психоневрологиялық ауытқуы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған «Балдаурен» күндіз болу орталығының, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісай аудандық бөлімі, сондай-ақ, Жетісай қаласы мен ауылдық округтерде есепте тұратын ересек мен жасөспірімдер қатысқан.