Қарабұлар ауылдық округінде жыл басынан бүгінгі күнге дейін 40 заңсыз құрылысқа акт толтырылған. Өткен жылы заңсыз жер иелену бойынша 38 жағдай анықталған болса, 2022 жылдың небәрі 5 айында бұл көрсеткіш 40-қа жетіп отыр.
Сайрам ауданындағы бір ғана Қарабұлақ елдімекенінде 2021 жылдың қорытындысымен 1252 тұрғын үй заңсыз салынғаны анықталған болатын. Олардың бірқатарына ҚР ӘҚБтК 339 бабы, яғни жер телімін нысаналы мақсатына сай пайдаланбағаны үшін айыппұл салынғанымен, тұрғындарға бұл шара тоқтау салмай отыр.
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлы Қарабұлақ ауылдық округіндегі тұрғындардың жерді заңсыз иеленуін тоқтату мақсатында жүйелі түрде жұмыс ұйымдастырған. Себебі, жер беру кезінде осы салғырттықтың салдарынан кезек бұзылуы әбден мүмкін.
Талай жыл жер кезегінде тұрған азаматтардың орнына жерді заңсыз иеленіп, үй тұрғызып алғандардың жерін кезексіз тіркеуге тура келеді. Сондай-ақ, аталған жердің нысаналы мақсаты басқа, яғни ауыл шаруашылығы мақсатында берілген. Ал мұндай жер учаскелеріне коммуналдық жүйе тартылмайды. Яғни, бұл бюджетке де жоспарсыз шығын келтіреді.
Соңғы 5 айда жергілікті тұрғындар заңсыз, 26 жер теліміне іргетас құйып алған. Тағы 9-ы қам қыштан қабырғасын қалап, 3-і тұрғын үйдің шатырын жауып үлгерген.
Осыған байланысты Қарабұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев және жауапты сала қызметкерлері тұрғындармен кездесті.
Жиын барысында ауылдық округ аумағындағы 7 секторға бөлінген жер учаскелерінде заңсыз тұрғын үй құрылысын жүргізіп отырған азаматтарға құрылысты тоқтату ескертілді. Олар қарсылық білдірген жағдайда құрылысты бұзу жұмыстары мемлекеттік мекеме тарапынан ұйымдастырылады.
Аудан тұрғындары үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегіне өтініш білдіріп, заң тәртібімен жер учаскелерін иемденеді. Кездесу барысында қолданыстағы заң аясында жер алу тәртібі түсіндірілді.