20 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді.
Орталық сайлау комиссиясы 23 қыркүйек пен 21 қазан аралығында үміткерлердің Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексереді.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 21 қазанда басталып, 18 қарашада аяқталады. Ал 19 қараша – тыныштық күні. 20 қараша күні сайлаушылар Қазақстан Президентін 7 жылға және бір мерзімге ғана сайлайды.
Түркістан облысының әкімдігі өзінің сайлау учаскесі туралы мәліметтерді нақты уақыт режимінде келесі тәсілдермен алуға мүмкіндік береді:
• Telegram-дағы чат-бот: https://t.me/tur_saylaw_bot;
• Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайты: https://tur.saylaw.kz;
• Қосымша сұрақтар болған жағдайда: 109 Call-орталығына хабарласуға болады.
Осы байланыс құралдарының көмегімен өңір тұрғындары 2022 жылғы 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің сайлау күні дауыс бере алатын сайлау учаскесі туралы толық ақпарат (нөмірі, мекенжайы, байланыстары) ала алады.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1 168 477 сайлаушы тіркелген. Өңірде барлығы 919 сайлау учаскесі бар.
Еске салсақ, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашаға белгіленуі туралы тиісті жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қыркүйекте қол қойған болатын. «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасына тағайындалсын. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін» делінген қаулы мәтінінде.
Қаулыға сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін уақытында жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етіп, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кезектен тыс президент сайлауын 2022 жылғы күзде өткізуді ұсынған болатын.