Биыл «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай, Арыс қаласында орналасқан «Тең Қоғам» әлеуметтік орталығында көзі көру қабілеті зақымданған жандар арасында спорттың 4 түрінен ауданарылық жарыс өтті. Байқауға Арыс қаласынан бөлек басқа аудандардан келген 20-ға жуық өнерлі жан қатысты.
Шараға Түркістан облысының Зағиптар қоғамының төрағасы Нұрғали Алтынбеков, Арыс қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі басшысы Әлмаханбет Әділбеков қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке ұмтылған зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл қоғамдық бірлестіктің ең басты мақсаты — оған мүше адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, зағиптар мен нашар көретін жандарға барынша қолдау көрсету болып табылады. Сіздер қоғамдық ортада өздеріңізді тең ұстау үшін мемлекет тарапына үлкен қолдаулар жасалуда. Бұл жұмыстар әрқашан жалғасын табатын болады, – деді Әлмаханбет Нұрмағанбетұлы.
Шара барысында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі сынды спорттың 4 түрінен мықтылар анықталды. Жарыстың қорытындысы бойынша командалық есепте ІІІ орынды Ордабасы, Отырар ауданы, ІІ-ші орын Бәйдібек ауданы, ал І орынды Арыс қаласының спортшылары жеңіп алды.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, бағалы сыйлықтар берілді.
Еске салайық, осыған дейін Түркістан қалалық мәдениет үйінде зағип жандар арасында «Өнер әлемі» атты облыстық байқау өтті. Байқауға Түркістан өңірінің әр аймағынан келген 20-ға жуық өнерлі жан қатысты.Шараға қала әкімінің орынбасары қатысып, жазмыштың жазуымен жанарынан айрылса да, бойға біткен таланты мен өнерін паш етпекке келген зағип жандарды мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.Байқау үш кезеңге созылған еді.