15-қараша Ұлттық валюта және Қазақстан Республикасы қаржы органдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы орайда Түркістан қаласында қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтілді. Салтанатты шараға қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы қатысып, қаржыгерлерді мерекемен құттықтады.
Мақсат Асылбекұлы құттықау сөзінде: « Тәуелсіздік алғаннан кейінгі біздің негізгі жетістіктеріміздің бірі ұлттық валюта – теңгенің пайда болуы. Қазір біздің валюта теңгемізді көптеген мемлекеттер біледі. Біздің теңгеміз өзінің дизайны жөнінен дүниежүзіндегі мықты валюталардың бірі болып есептеледі. Бүгінде осы салада еңбек етіп жүрген қаржыгерлер қаламыздың дамуына өз үлестерін қосуда. Сондықтан бүгінгі мерекеде барлық қаржыгерлер мен қаржы саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!» — деді мәслихат хатшысы.
Құттықтау сөзінен кейін Мақсат Асылбекұлы бір топ қаржыгер мен қаржы саласының ардагерлерін Алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында қаржы саласының майталмандары Амангелді Міндетпаев, Әбілхасым Досжанов және Назым Нұрман сынды еңбегі сіңген зейнеткер ардагерлер бар.
Сондай-ақ іс-шарада Түркістан қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мерекелік лебізін білдіріп, қаржы саласының қызметкерлерін құттықтады.
1993 жылдың 15 қарашасында теңгенің алғашқы ұлттық валютасы шығарылды. Теңгенің дизайнын Меңдібай Алин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайролла Ғабжалилов жасады.
Ал 1997 жылдың 13 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 15 қараша – Ұлттық валюта күнін елдің қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп жарияланды.