Кентау қалалық емханасында ағымдағы жылдан бастап «Алау» Жастар денсаулық орталығы өз жұмысын бастаған болатын. Орталықта жалпы тәжірбиелі дәрігер, гинеколог, нарколог дәрігерлермен қоса, психолог және социолог мамандар қызмет атқарады. Орталықтың басты мақсаты – жастардың денсаулық сапасын арттыра отырып, оларды зиянды әдеттерден қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау және психологиялық көмек көрсету болып табылады. Осы орайда орталық дәрігерлері әр тоқсан сайын қаладағы мектептердің оқушыларымен кездесу өткізуде.
Осы үрдістен жаңылмай кезекті кездесу қаладағы №16 жалпы орта мектебінде өтті. Кездесу барысында гинеколог дәрігер мен жалпы тәжірбиелі дәрігерлер түрлі аурулардың алдын алу мен жеке бас гигиенасын сақтау жайлы сөзө қозғады. Ал, нарколог дәрігер жастарға алкогольді, наркотикалық заттардың зияны туралы кеңінен әңгімелеп, олардан аулақ болуға шақырды. Кездесу барысында психолог мамандар жасөспірімдермен түрлі тренингтер өткізіп, психикалық денсаулық жайлы сөз қозғады. Кездесу соңында дәрігерлер оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Дені сау жас — ел ертеңі, алтын діңгек! Еске салсақ, жастардың зиянды әдеттен аулақ болып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Кентау қалалық емханасының нарколог және СӨСҚ дәрігері мен психолог мамандары Ә.Молдағұлова атындағы 19 мектептің оқушыларымен кездесу өткізген еді. Кездесу барысында нарколог дәрігер Әсем Смаилова оқушыларға есірткі, алкогольдік заттардың адам денсаулығына зияны туралы баса айтып, зиянды әдеттен бойын аулақ ұстауға шақырды! Психолог маман оқушыларға психикалық денсаулық жайында айтып, тренингтер өткізді. Жалпы, ішімдік ішкен кезде қанға тез сіңіп, ағзаға күшті әсер етеді. Ішімдіктің әсерінен адамның ықыласы кеміп, байқампаздығы тежеледі, қимыл үйлесімділігі бұзылып, мінез-құлқында әдепсіздік, желікпелік, дөрекілік пайда болады. Адамды ақылынан ғана ажыратып қоймайтын арақ асқазан жолының кілегейлі қабықшасын зақымдап, қарында, ұлтабар ұшында уытты жара, гастриттің туындауына әкеліп соғады. Миға сіңген спирт жүйке клеткаларын уландырады, одан ойлау қабілеті бұзылып, рухани ауыр халге ұшырайды», – дейді мамандар.